ҚазҰУ-да қазақ тіліндегі корей тілі оқулығының тұсаукесері өттіFarabi University

ҚазҰУ-да қазақ тіліндегі корей тілі оқулығының тұсаукесері өтті

20 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде халықаралық жоба аясында әзірленген қазақ тіліндегі корей тілі оқулығының салтанатты тұсаукесері және «Korea Foundation» шәкіртақыларын табыстау рәсімі өтті. Жиынға Корея Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Ха Тэ Ук, «Korea Foundation» Мәскеу өкілдігінің директоры И Со Мен, Кибер Хангук шет тілдер университетінің профессоры Джин Джон Ран, сондай-ақ университет басшылығы мен корейтанушы ғалымдар қатысты.

 

Салтанатты шараны ашқан ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университеттің халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктері мен корейтану бағытының стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Бүгінде ҚазҰУ-да корей тілін меңгеруге деген қызығушылық жоғары, әсіресе қазақ бөлімінде білім алатын студенттер санының артуы ана тіліндегі сапалы оқу-әдістемелік материалдарға деген сұранысты күшейтіп отыр. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында 2025 жылы Корей қорының қолдауымен ауқымды жоба қолға алынып, Кибер Хангук шет тілдер университетімен серіктестік орнатылды.

Корей тілі оқулығының қазақ тіліндегі төрт деңгейлі басылымын әзірлеуге факультеттің тәжірибелі оқытушы-профессорлар құрамы белсене қатысты. Атап айтқанда бастапқы деңгейдегі оқулықтарды Ж.Жаханова, Т.Пак, Б.Қыдырбаев, А.Белялова аударса, орта деңгейдегі басылымдарды З.Серікбаева, Н.Хамитова, А.Сайлаукенова және М.Бегалиева дайындады. Оқу құралдарына ғылыми-әдістемелік сараптаманы Ж.Сәткенова мен А.Абаған жүргізді. Шығыстану факультетінің деканы Мырзахан Егембердиев бұл басылымның Қазақстанда алғаш рет корей тілін қазақ тілінде жүйелі түрде оқытуға арналған кешенді оқу құралы екенін ерекше атап өтті.

Шара барысында оқулықтың ресми тұсаукесерімен қатар, «Korea Foundation» бағдарламасы аясында магистранттар мен докторанттарға арнайы шәкіртақылар табысталды. Бұл қолдау жас ғалымдардың корейтану саласындағы зерттеулерін тереңдетуге және екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайтуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба қазақ тіліндегі оқу ресурстарының артуына және Қазақстандағы корейтану ғылымының жаңа деңгейге көтерілуіне елеулі үлес қосады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі