- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да «Марғұлан оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
ҚазҰУ-да «Марғұлан оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
Бұл ғылыми форум Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты – мақсаттарға қол жеткізу жолындағы серіктестік негізінде ұйымдастырылды.
2026 жылғы 18 наурыз күні Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі бірлесе отырып дәстүрлі «Марғұлан оқулары – 2026» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
1989 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Марғұлан оқулары» – Қазақстан археологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын ең беделді ғылыми пікірталас алаңдарының бірі. Бұл форум археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелерін таныстыруға, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Конференция аясында 2025 жылы Қазақстан мен көршілес елдерде жүргізілген далалық археологиялық зерттеулердің нәтижелері талқыланды. Пәнаралық зерттеулерге ерекше назар аударылып, палеоантропология, археометаллургия, археозоология, археоботаника, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ), жасанды интеллект технологияларын қолдану, археологиялық жәдігерлерді консервациялау, реставрациялау және реконструкциялау мәселелері қарастырылды.
Биылғы конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Беларусь және Әзірбайжан елдерінен 100-ден астам ғалым мен зерттеуші офлайн және онлайн форматта қатысып, археология ғылымының өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Конференция екі күнге созылып, секциялық отырыстармен жалғасты.
Басқа жаңалықтар