Мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру
Мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру. Соңғы жылдарда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі «Есеп және аудит» кафедрасының ғылыми-инновациялық іс-әрекетінің дамуында үлкен жұмыстар атқарылды. 2015-2016 оқу жылы бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистранттардың ғылыми-зерттеу шараларымен айналысу үшін оқу орны көптеген ұйымдармен келісімшарттар бекітті. Соның бірі – мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы жөнінде зерттеу жұмысының құқықтық актілер бойынша орындалу барысын бағалаудың маңызын ашу және оны жетілдіру мемлекеттік мекемелермен жасалған келісім. Елбасымыз «100 нақты қадамның» 93-інші қадамын «аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу» туралы бірқатар тапсырмалар берген болатын. Яғни, жүктелген тапсырмаларға сәйкес, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуын бағалау үш жылда бір рет жүргізу қажеттілігін айқындаған. Сондықтан кез келген ұйымның бюджеттен бөлінген қаражатын пайдалану нәтижелілігін бағалау стратегиялық жоспарлар бойынша жылма-жыл жүзеге асырылады. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» жаңа заң қабылдануы және оның нормалары 2016 жылдың қаңтарынан бастап іске аса бастауы ел экономикасының даму жолдарының басымдығын айқындайды. Бүгінде осы шаралар аясында қолданыстағы стандарттарға сәйкес мемлекеттік аудит жүргізу тәртібі мен қаржылық бақылау ұйымдастыру жолдарын шешу ғылыми тұрғыда және Қазақстанның ДСҰ аясында, сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүше мемлекеттерінің тәжірибесіне негізделіп жүргізілу талап етеді. Демек, заңда көрсетілген мемлекеттік аудит түрлері бойынша тиімділік, есептілік және сәйкестік аудитіне бөлінеді. Оның ішінде мемлекеттік аудиттың өзі сыртқы және ішкі аудитке жіктелу себебі бұған дейін қаржылық бақылау жұмысы заң бұзу әрекеттерін ашуға бағытталса, жаңа мемлекеттік аудит бұзушылықтарды жойып қана қоймай, қаржы саласындағы орын алған қателіктердің алдын алуға, заңды бұрмалауды барынша азайтуға ықпал етеді. Осылайша, заңда белгіленген жаңа стандарттар мен жүйелерді ережелерге сәйкес ҚР Қаржы министрлігі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тарапынан жүзеге асуда. Мәселен, ҚР Қаржы министрлігінде жаңа институт – камералдық бақылау жүйесі енгізілді. Бақылаудың бұл түрі – ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілеріне бармастан, бюджеттік және құқық бұзушылықтардың іс-әрекетіне жол бермеуге бағытталған ақпарат көздерін қолдану арқылы жүргізіледі. Демек, камералдық бақылау қызметі объектілерге бармастан жүргізілетіндіктен, мемлекеттік аудит нысандарына әкімшілік жүктеме төмендейді. Екіншіден, камералдық бақылауды жүзеге асырған кезде уәкілетті орган ешқандай да іс-сапарлық шығыстарды көтермейді. Бұдан бөлек, тексеру-бақылау барысында жеке тұлғалардың өз мүдделерін қорғау фактілері жойылады. Осының нәтижесінде заң бұзушылықтарды анықтау және жоюға байланысты ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілердің заңсыз әрекетіне арыз-шағымдар саны азаюы тиіс. Осылай тұжырым жасаған «Есеп және аудит» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы аянбай еңбек ете отырып, мемлекеттік аудиттің оқу бағдарламасында қарастыру қажеттігін ескере отырып, арнайы бағдарлама дайындады. Одан өзге аудит және есеп жүргізуді қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттар бойынша жүргізумен байланысты 6 авторлық куәлік алды. Тағы да, кафедра ұжымымен 2 монография, ҚР БЖҒМ-нің грифімен 1 оқулық, 9 оқу құралы шығарылған. 2015 оқу жылында – БҒСБК ұсынған 54 мақала жарияланды, 15 оқытушы шетелдік халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысқан. Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау бойынша қабылданған заң талаптарын орындау мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мақсатында кафедрада «Жас аудитор», «Жас есепші» және «Талдаушылар» атты 3 үйірме жұмыс істейді және 17 магистрант шетелде тағылымдамадан өтті. Осылайша, ҚазҰҰ-де оқытушылар мен студенттердің ғылыми-инновациялық қызметтерін дамыту үшін және үкімет тарапынан қарастырылып қабылданған құқықтық-нормативтік актілердің орындалу және оны қызметте пайдалануда барлық жағдай жасалған. Тұтастай алғанда, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында мемлекет басшысы бюджет саясатын трансформациялау үдерістеріне ықпал етуге мейлінше мән беріп отыр. Осы жағынан келгенде, Ұлт Жоспарының барлық қадамдарын сапалы іске асыру мемлекеттің орнықты дамуын қамтып, халықаралық нарықтық қатынастар жолына түсуін қамтамасыз етуге болатындығын ғылыми тұрғыда зерттеген оқытушы-профессорлар құрамы нық сеніммен айта алады.
Ажар БЕЙСЕНБАЕВА, э.ғ.к., доцент Эльмира АКТУРЕЕВА, аға оқытушысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ