Табысты өмірге жолдама
Үштілдік бүгінгі білім беру саясатында негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Бұл қазақстандықтардың бір мезгілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығуына бағытталған. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жолдауында әрбір қазақстандықтың үш тілді болуы ең басты міндеттердің бірі екендігі айтылған. Тілді білудің маңыздылығы әр кезеңде, қазіргі таңда да еңбек нарығы мен коммуникация саласында тіл мәселесінің өзектілігі аса зор. Осыған орай қазіргі қоғамда қосымша тіл үйрететін мектептер мен көптеген білім беру курстары ашылуда. Шет тілдер арасындағы ең белсенді оқып-білу белсенділігіне ие болып тұрған тіл – ағылшын тілі.
Ағылшын тілі шет тілдер арасында әлем бойынша бірінші орында тұрады, себебі ғылыми ақпарат пен ақпараттық технологияның басым көпшілігі ағылшын тілінде сақталады. Сонымен қатар ағылшын – бизнес және саясат тілі. 70%-ға жуық ғылыми басылымдардың ағылшын тілінде шығатындығы да маңызды фактор. Неміс жазушысы Иоганн Вольфанг Гетенің: «Өзге тілді білмеген адам, өз тілін де толық білмейді», – деп айтқандығы белгілі.
Менің ойымша, үш тілді білу – әмбебап қызметтердің әр түрлі салаларында жұмыс істейтін адамдарға өте тиімді. Бірнеше тілді білу, ол – өркениеттің нышаны болып келді және әрі қарай да бола бермек. Бірақ есте ұстар тағы бір жайт, әрбір ұлт өз ана тіліне ерекше құрмет пен басымдылық беруі шарт. Себебі өз ана тілін ұмытқан адам халқының тарихынан да, болашағынан да қол үзеді. Сондықтан, Қазақ елінің жарқын болашаққа қол жеткізудегі үш тілдік саясат ең тиімді бастама болып табылады. Жоғарыда айтылған факторларды ескере отырып, тілдерді білу – әрбір азаматтық тұлғаның дамуына, алдына қойған мақсатына тез жетуіне, табысты болуына өз септігін тигізеді.
Өз тәжірибемнен мысал алатын болсақ, мен таңдаған «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, бірнеше шет тілдерін білу – басты міндет. Қазақ және орыс тілдерімен қатар, Біріккен ұлттар ұйымының ресми тілдері болып табылатын ағылшын және испан тілдерінде еркін сөйлей аламын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде ұйымдастырылған «Еуро Одақтың шағын моделін жасау» атты жиында ағылшын тілінің берген пайдасы өте зор. Уақыт өте келе ағылшын тілін одан ары қарай бірте-бірте жетілдіріп келемін. Ағылшын тілін білуімнің арқасында атақты адамдардан қызықты сұхбаттар, пайдалы кеңестер ала білдім. Қорыта айтқанда, қазіргі заманда шет тілдерін білу, зерттеу – қазіргі заман талабына сай, өркениетті адам болып қалыптасуыңа септігін тигізері анық. Шет тілін білу – сол ел туралы ой-өрісіңді кеңейтіп, мәдениеті мен салт-дәстүрін зерттеуге мүмкіндік береді. Шет тілдерін еселеп оқитын адамдар:жинақы, зерделі, ұқыпты, табысты болып келеді.
У.Б.ЖЕКСЕМБЕКОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс магистранты,
ҚазҰУ Баспасөз қызметі
8(727) 377 31488(727) 377 3148 /49
www.kaznu.kz