«Сапалы білім» атты тұрақты дамудың №4 мақсаты аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде 2026 жылдың 26 наурызында Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жамбыл атындағы орта мектептің оқушыларына арналған «ҚазҰУ қалашығына экскурсия» атты танымдық әрі кәсіби бағдар беру шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру, жоғары оқу орнының білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру, болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және университеттің ғылыми-мәдени ортасымен жақынырақ таныстыру болды.

Шараның ашылуында кафедра меңгерушісі С. Дәрібаев құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарды жылы қарсы алды. Ол өз сөзінде жастарға сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, ҚазҰУ-дың білім мен ғылымды ұштастырған жетекші оқу орны екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ оқушыларға дұрыс кәсіби таңдау жасап, болашақта бәсекеге қабілетті маман болуға тілектестігін білдірді.

Экскурсия барысында оқушылар ҚазҰУ қалашығының инфрақұрылымымен танысып, филология факультетінің оқу үдерісі, білім беру бағдарламалары және мамандықтары туралы толық ақпарат алды. Оларға филология саласының ерекшеліктері, кәсіби бағдар беру тұрғысынан болашақтағы еңбек нарығындағы мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, қатысушылар әл-Фараби кітапханасы мен мұражайын аралап, университеттің ғылыми мұрасы мен рухани құндылықтарымен танысты. Экскурсия аясында оқушылар заманауи білім беру және шығармашылық кеңістік саналатын HUB орталығында да болып, жоғарытехнологиялық жобалық және инновациялық жұмыстарымен, Орта Азиядағы ең үлкен супер компьютермен танысуға мүмкіндік алды.
Шара барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Кездесу ашық әрі еркін форматта өтіп, оқушылардың университет өміріне деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың кәсіби бағдар алуына оң ықпал етті.
Іс-шараның ұйымдастырушылары – филология факультетінің кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты оқытушы Е. М. Солтанаева, кафедраның кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты Б. Сарбасов және оқытушы Г. Т. Оспанова. Аталған шараға оқушылармен қатар ұстаздар мен университеттің оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.
Е. М. Солтанаева
Басқа жаңалықтар