ҚазҰУ QS Subject рейтингінде позицияларын нығайтты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS World University Rankings by Subject 2026 беделді пәндік рейтингі нәтижелері бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында көшбасшы мәртебесін кезекті рет растады.
Университет жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өз ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, көрсеткіштердің сапалық өсуі арқылы отандық жоғары білім беру саласының флагманы екенін тағы да дәлелдеді.
Қара шаңырақ пәндік рейтингтердегі позициялар саны бойынша Қазақстан жоғары оқу орындарының тізімін бастап тұр. Биыл университет ресми түрде 4 салалық және 23 пәндік QS рейтингіне енді. Бұл – республика бойынша ең үздік көрсеткіш.
Ағымдағы жылғы рейтинг нәтижелері университеттің тұрақты алға жылжуын көрсетті. Атап айтқанда ҚазҰУ 10 пәндік бағыт бойынша өз позициясын жақсартып, тағы 6 бағытта алғаш рет рейтингке енді. Ең маңызды жетістіктердің бірі – «Мұнай-газ инженериясы» мамандығының табысты қадамы. Бұл бағыт бірден 101-150 тобына кіріп, әлемдегі үздік білім беру бағдарламаларының қатарына қосылды.
Сонымен қатар «Лингвистика» пәні айтарлықтай серпіліс жасап, 201-250 тобынан 101-150 тобына көтерілді. Ал «Заманауи тілдер» бағыты бұрынғы жоғары позицияларын сақтап, 101-150 тобы деңгейінде тұрақтылық танытты.
Университеттің пәндік қамту ауқымы да кеңейе түсті. Биыл «Өнер және дизайн», «Классикалық филология және ежелгі тарих», «Деректер туралы ғылым және жасанды интеллект», «Философия», «Теология және дінтану» секілді жаңа білім беру бағыттары рейтингке алғаш рет енгізілді. Бұл ҚазҰУ-дың академиялық әлеуетінің жан-жақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Пәндік салалар бойынша нәтижелерге тоқталсақ, гуманитарлық ғылымдар бағытында «Археология» 151-200 тобына көтеріліп, өз позициясын нығайтты. «Тарих» пәні 201-250 тобына енді. Жаратылыстану ғылымдары бойынша «Математика» 251-300 деңгейінен 201-250 тобына жоғарылады. «Физика және астрономия», «Химия» және «Қоршаған орта туралы ғылымдар» бағыттары да тұрақты алға басып келеді.
Инженерия және технология саласында информатика, электр энергетикасы және механикалық инженерия бағдарламалары 401-450 тобында өз орындарын бекітті. Ал әлеуметтік ғылымдар бойынша «Білім беру» бағыты айтарлықтай ілгерілеп, 351-400 тобынан 251-300 деңгейіне көтерілді. «Бизнес және менеджмент» те өз нәтижесін жақсартып, 451-500 тобына енді.
Бұл жетістіктердің негізінде университеттің берік ғылыми-зерттеу базасы жатыр. Бір басылымға шаққандағы дәйексөз саны (Citations per paper) және халықаралық зерттеу желісі (IRN) сияқты көрсеткіштердің тұрақты өсуі ҚазҰУ ғылымының жоғары деңгейін айқындайды.
Университет ғалымдарының еңбектеріне халықаралық деңгейдегі сұраныстың өсуі – университеттің әлемдік ғылыми-инновациялық процестерге нәтижелі ықпалдасуының көрсеткіші.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымын кезекті халықаралық жетістіктерімен құттықтаймыз!
Басқа жаңалықтар