ҚазҰУ-да Халықаралық мультимодальды мектеп ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Дискурсты зерттеудің заманауи тәсілдері: мультимодальды зерттеулер» атты халықаралық ғылыми мектептің салтанатты ашылуы өтті.
Ауқымды ғылыми шара Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы көпжылдық нәтижелі ынтымақтастық аясында Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Ғылыми мектеп жетекші ғалымдар, докторанттар мен студенттерді біріктіріп, лингвистикалық талдаудың озық әдістерін талқылауға мүмкіндік берді.

Шара ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын профессор Нұрсұлу Шаймерденова оқып берді. Өз хатында оқу ордасының басшысы бұл ғылыми мектептің өткізілуі заманауи лингвистика ғылымын дамыту мен ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде дипломатиялық қызмет атқарған уақытымда екі ел арасындағы гуманитарлық және ғылыми өзара іс-қимылдың ерекше маңыздылығына көз жеткіздім. Бүгінде бұл бағыт бірлескен білім беру және зерттеу жобалары аясында жаңа мазмұнмен толығуда. Дискурсты заманауи зерттеулер, әсіресе оның мультимодальды қырлары тілді күрделі әлеуметтік-мәдени феномен ретінде түсінудің жаңа көкжиектерін ашады», – делінді ректор құттықтауында. Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев ММЛУ ректоры Ирина Краеваяға жобаны қолдағаны және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Ғылыми мектеп жұмысына ММЛУ-дан келген арнайы делегация қатысты. Эксперименттік зерттеулердің нәтижелері туралы негізгі баяндаманы ММЛУ жанындағы Дискурсты социокогнитивтік зерттеулер орталығы директорының орынбасары, профессор Мария Киосе жасады. Ол қазіргі таңда лингвистиканың тек мәтінді зерттеумен шектелмейтінін айтып, мультимодальды коммуникация тек сөзді ғана емес, сонымен қатар ым-ишараны, көзқарасты қамтитынын атап өтті.

ММЛУ-дың Ишара тілін зерттеу зертханасының меңгерушісі Анна Леонтьева жасаған баяндама да ерекше қызығушылық тудырды. Ол синхронды аударма кезіндегі вербалды және бейвербалды мінез-құлықтың ерекшеліктері туралы баяндады.

Ғылыми мектеп барысында қатысушылар ELAN бағдарламасында полимодальды талдау бойынша бірқатар шеберлік сабақтарын өткізіп, социолингвистика және когнитивтік зерттеулер саласындағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін талқылады.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар