Түркі әлемі географтарының конгресі өттіFarabi University

Түркі әлемі географтарының конгресі өтті

28 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Өзбекстанның Бұхара қаласында өткен Түркі әлемі географтарының ІІІ конгресіне қатысты.

Халықаралық ғылыми форум түркі елдері арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларындағы әріптестік байланысты нығайтудың маңызды алаңына айналды.

Конгресс жұмысына Өзбекстан Республикасының мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрі Эзозахон Каримова, Бұхара мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Баходир Мамуров, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің төрағасы Мухиттин Шимшек, Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Хилола Умарова, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан мен Өзбекстанның ғалым-сарапшылары жиналды. Сондай-ақ ҚазҰУ профессорлары Амангелді Темірбеков, Ұлжалғас Есназарова, Мәулкен Асқарова, Гүлнара Нұрмұхамедқызы, Айгүл Тоқбергенова, Тұрсынгүл Базарбаева қатысты.

Ауқымды жиынды Бұхара мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Баходир Мамуров ашып, түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ықпалдастықтың маңызын, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы география ғылымының рөлін, сондай-ақ ортақ зияткерлік және білім беру кеңістігін дамытудың өзектілігін атап өтті.

Өз  кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, 2025 жылы Түркі әлемі географтарының II конгресі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылғанын жеткізді. Оған түркі елдерінен келген 150-ден астам ғалым жиналған еді.

«Қазіргі әлемде геосаяси тұрақсыздық, жаһандық экономикалық өзгерістер, климаттық дағдарыс, су және азық-түлік қауіпсіздігі, көші-қон, урбандалу үдерістерінің күшеюі мемлекеттер алдында жаңа сын-қатерлер туындатуда. Осындай күрделі кезеңде география ғылымының орны ерекше. Себебі география – кеңістіктік дамуды, табиғи ресурстарды басқаруды, өңірлік қауіпсіздікті, экологиялық тепе-теңдікті және тұрақты болашақты ғылыми тұрғыдан негіздейтін аса маңызды ғылым. Сондай-ақ түркітілдес елдер арасындағы білім мен ғылым байланысын жаңа деңгейге көтеру үшін Түркітілдес елдердің желілік университетін құру бастамасы маңызды деп санаймын. Бұл ортақ білім беру бағдарламаларын дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және жас ғалымдарды қолдауға жол ашады», – деді ректор.

Конгресс барысында қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, ортақ жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін айтты.

Іс-шара аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Бұхара мемлекеттік педагогикалық институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ғылым, білім, академиялық ұтқырлық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру салаларындағы серіктестік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, алғашқы конгресс жұмысы 2024 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен болатын. Екінші жиын 2025 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ұйымдастырылды.   

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі