ҚазҰУ мен Бұхара халықаралық университеті ғылыми байланысты нығайтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бұхара халықаралық университетінің ректоры Шариф Баротовпен кездесіп, академиялық ықпалдастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
Жүздесу барысында ҚазҰУ басшысы университеттің жетістіктеріне тоқталып, бүгінде Өзбекстанның жетекші оқу орындарымен бірқатар іргелі ғылыми жобалар мен ортақ білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ректор екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мақсатында нақты ұсыныстарын білдірді.

«Қазақстан мен Өзбекстан – тату көрші әрі сенімді стратегиялық серіктестер. Сондықтан біз үшін өзбекстандық жоғары оқу орындарымен әріптестікті нығайтудың маңызы зор. Бұхара халықаралық университетімен бірлескен ғылыми жобаларды қолға алып, ғалымдардың екі университеттің зертханалары мен ғылыми орталықтарын еркін пайдалануына мүмкіндік жасауымыз керек», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде ректор Шариф Баротов бұл бастамаларды жоғары бағалап, екі оқу орнының әлеуеті кез келген ауқымды жобаны іске асыруға қауқарлы екенін жеткізді.

Сапар аясында ҚазҰУ ректоры Бұхара халықаралық университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысып, заманауи зертханалар мен оқу аудиторияларын аралап көрді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар