LiuGong компаниясы ҚазҰУ-дың IT-әлеуетіне жоғары баға бердіFarabi University

LiuGong компаниясы ҚазҰУ-дың IT-әлеуетіне жоғары баға берді

31 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қытайлық алпауыт LiuGong компаниясының өкілдері арнайы келіп, оқу ордасының заманауи ғылыми зертханаларымен және технологиялық мүмкіндіктерімен танысты. Сапар барысында компания басшылығы университеттің ғылыми әлеуетіне жоғары баға берді.

 

Құрметті қонақтарға алдымен  «Қашықтықтан зондтау технологиясы және оларды қолдану» қазақ-қытай зертханасының технологиялық мүмкіндіктері көрсетілді. 2024 жылы ашылған бұл зертхана – Орталық Азия аймағындағы табиғи ресурстарға мониторинг жүргізетін жалғыз бірегей нысан. Зертхана қашықтан бақылау технологиялары арқылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, аймақтық деңгейдегі маңызды халықаралық платформаға айналып отыр.

Компания өкілдерінің назарына ұсынылған келесі кешен – Суперкомпьютер орталығы. Intel және NVIDIA процессорларына негізделген бұл құрылғының өнімділігі 2000 терафлопқа жетеді. Ол өзінің қуаты жағынан Орталық Азияда көш бастап тұр және әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің қатарына кіреді. Орталық бүкіл Қазақстан ғалымдарына ауқымды деректермен (Big Data) жұмыс істеуге және күрделі мемлекеттік модельдерді жасауға мүмкіндік береді. Оның есептеу жылдамдығы қарапайым дербес компьютерден 10 мың есе жоғары.

 

 

Сонымен қатар қонақтар  университеттің инновациялық экожүйесінің негізгі буындары – Farabi Hub орталығы, «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен Робототехника орталығының жұмысын көрді.

Кездесу нәтижесінде LiuGong компаниясының басшылығы ҚазҰУ-мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазҰУ мен Қытайдың LiuGong компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі