kazinform.kz, thenews.kz, news.vsetke.kz

31 мамыр, 2016

Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Түлектер күні тойланып жатыр

Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Түлектер күні тойланып жатыр. АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер күні тойланып жатыр. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматының 1 000 жылдығына арналған бұл салтанатты шараға университетті әр жылдары тәмамдаған жүздеген түлектер қатысты. Мереке студенттік кампус аумағынд ҚазҰУ студенттері мен түлектерінің «Мәңгілік ел» триумфальды қақпасының алғашқы ірге тасын және Жас ұрпаққа үндеу мәтіні салынған капсуланы салтанатты түрде қалаумен әрі  Кұрметті меценаттар тақтасының тұсаукесер рәсімімен басталды. Бұдан кейін, университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева бастаған түлектер, Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл-Фараби ескерткіші мен академик Ө.Жолдасбеков монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң, Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында салтанатты жиын өтті.  Өзінің құттықтау сөзінде ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалымқайыр Мұтанов бүгінгі жиналған қауымды Түлектер күнімен және ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толуымен құттықтап, бірқатар ойларын ортаға салды. «Әр жоғары оқу орнының атқарып жатқан жұмысының айқын көрсеткіші - ол түлектері. Түлектерінің жеткен жетістіктері. Сол тұрғыдан алып қарағанда, біздің университет өз түлектерімен мақтана алады. Олар өздерінің жеткен жетістіктерімен университетімізді ғана емес, бүкіл елімізді әлемге танытып жүр. Адам өміріндегі ең қызықты кезең, ол әрине студенттік шақ. Бүгін мінеки, Түлектер күні аясында бір-бірімізбен қайта қауышып отырмыз. Дегенмен, бүгінгі кездесудің мәні тек жүздесу ғана емес. Алдымызда тұрған келелі мәселелерді шешіп, болашаққа жоспар құруда сіздердің сындарлы пікірлеріңіз бізге өте қажет. Биыл қатарларыңыз 5 мыңға тарта жаңа түлектермен толықты. Мұсылман тілімен айтқанда университеттің уммасы жасалып жатыр. Біз өзімізді алдағы уақытта ҚазҰУ-дың үмбеттеріміз деп санауымыз керек», - деді Ғ. Мұтанов. Шара барысында Ғалымқайыр Мұтанұлы ҚазҰУ геология-топырақтану факультетінің 1954 жылғы түлегі, әр жылдары мәдениет бөлімінің бастығы, аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры, Алматы облысында ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарған Нұрәділ Қалимолдаевты, ҚазҰУ-дың 1971 жылғы түлегі, белгілі драматург, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевты, ҚазҰУ-дың 1976 жылғы түлегі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиевті, ҚазҰУ-дың 1986 жылғы түлегі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нүкетаеваны, ҚазҰУ-дың 1981 жылғы түлегі, «Шығыс кен» өндірісінің бас директоры Зелина Катранованы, ҚазҰУ-дың 1981 жылғы түлегі, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Бауыржан Рахымовты, ҚазҰУ-дың 1996 жылғы түлегі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуезовты, ҚазҰУ-дың 1996 жылғы түлегі, Қазақстанның Катар мемлекетіндегі Төтеше және өкілетті елшісі Асқар Шоқыбаевты «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медалімен салтанатты жағдайда марапаттады.