Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - «COMSATS» артықшылықтар мекені
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - «COMSATS» артықшылықтар мекені. Өткен жылы ҚазҰУ ТМД елдері жоғарғы оқу орындары арасында халықаралық үкіметаралық «COMSATS» (Оңтүстікте тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатындағы ғылым мен технология бойынша комиссия) белді ұйымының мүшесі атанған жалғыз университет. Қазақстандық жоғары оқу орны ұйым құрамына Коломбо (Шри-Ланка) қаласында өткен үйлестіру кеңесінің мәжілісінің шешімі бойынша қабылданды. Бұған дейін «COMSATS» халықаралық сарапшылары университетке келіп, ҚазҰУ-дің ғылыми-ағартушылық әлеуетіне кешенді талдау жасау арқылы оның ғылыми-инновациялық дамуына жоғары баға берген болатын. ҚазҰУ «COMSATS» ұйымының мүшесі ретінде ақпараттық және қарым-қатынас технологиялары, нанотехнологиялар мен жаңа материалдар, жаңғыртылатын энергия көздері, климат өзгерісі мен қоршаған ортаны қорғау, биотехнология бағыттарында өтетін халықаралық ғылыми-ағартушылық жобаларға қатысуға мүмкіндіктер алады. Биылғы жылдың 17-19 мамырында Исламабад қаласында (Пәкістан) өткен кезекті үйлестіру кеңесінің отырысында біздің университеттің бір жылдық жұмысының қорытындысы тыңдалды. ҚазҰУ-дің ғылыми-ағартушылық және инновациялық қызметін халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Сонымен қатар, университеттің алдыңғы қатарлы тәжірбие алмасу орталығы, халықаралық танымалдылығы мен БҰҰ-ның әлемдік хаб бағдарламаларының «Академиялық әсерін» тұрақты даму бағытында басқару барысында айтарлықтай жұмыстар атқарғаны атап өтілді. Бүгінде ҚазҰУ әлемнің озық технологиялық жоғары оқу орындары қатарында болуы оның халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне айналу жолындағы бағытының дұрыс екенін дәлелдейді. ҚазҰУ – құрамына 8 ғылыми-зерттеу институттарын, ғылыми-техникалық және гуманитарлық бағыттағы 30-дан астам орталықтар мен лабораторияларды біріктірген еліміздегі ең ірі ғылыми-ағартушылық жоғары оқу орны. Мемлекет қаржыландыратын ғылыми зерттеулердің көбі ҚазҰУ-да жүзеге асырылады және бөлінген қаржының 10%-ы жас ғалымдарды қолдауға жұмсалады. Университет ғалымдарының жобалары өндіріске енгізіледі, ал ғылыми жұмыстары "Scopus" және "Thomson Reuters" мәліметтер базасына кіретін жоғары рейтингті басылымдарда жарық көреді. ҚазҰУ - "Thomson Reuters" халықаралық агенттігінің «Ғылым саласында жеткен көрнекті жетістіктері үшін» арнайы дипломымен марапатталған Қазақстандағы бірінші және бірегей жоғары оқу орны. 1994 жылы құрылған, штаб-пәтері Исламабад қаласында орналасқан «COMSATS» ұйымы Африка және Латын Америка, Азияның 25 мемлекетін біріктіреді. Танымал халықаралық ұйымдар: ЮНЕСКО, ИСЕСКО, исламдық ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ-ның индустриялдық даму ұйымы, исламдық даму банкі және т.б. ұйымдардың басшылығымен, тікелей қолдауымен халықаралық «COMSATS» жобалары іске асырылады. «Қамшы» сілтейді