Министр Сағадиев ҚазҰУ-да сабақ өткізді
Министр Сағадиев ҚазҰУ-да сабақ өткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Шетел тілдерін жетік меңгерудің замануи-ғылыми негіздері» атты тақырыптағы актілік дәрісін оқыды, - деп хабарлайды Qamshy.kz. Дәріске еліміздің алдыңғы қатарлы ЖОО-ларының ректорлары және университет ұстаздары мен студенттері қатысты. Үш тұғырлы тіл мәселесі арқау болған дәрісте шетел тілдерін үйренудің жаңа бағыттары мен басты ережелері айтылды. Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы дәрістің кіріспе бөлімінде басты үш тіл жайына тоқтала келе, ХХІ ғасырда ағылшын тілінің тек қана жаратылыстану бағытындағы пәндерге ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық, яғни педагогикалық бағытта да қажет екендігін ерекше атап өтті. «Соңғы 15 жыл ішінде әлемдік ғылым көптеген салаларға жаңаша көзқараспен қарап, салалық деңгейде тың ашылулармен жұмыс істеуде. Әсіресе, сала бойынша педагогикалық бағытқа ерекше көңіл бөлініп, шетел тілдерін жылдамдатып оқыту жолдары іздестірілуде. Сол себепті, физиология, психология, әлеуметтік психология және лингвистика, тағы да басқа сала мамандарына ағылшын тілін терең меңгеру үлкен жауапкершілікпен жүктеліп отыр», – деді министр дәріс барысында. Дәрістің негізгі бөлімінде министр Ерлан Кенжеғалиұлы тыңдармандарға шетел тілдерін меңгерудің ұтымды жолдарын жан-жақты әрі нақты түсіндіру үшін әлемдік теорияға сүйене отырып, шетелдік ғалымдар құрастырған, өзге елдер тәжірибесінде қолданылып жүрген нәтижелі қағидаларын кеңінен түсіндірді. Министр алғашқы ретте тіл үйренудің тиімді қағидасы ретінде италияндық ғалым Паретоның қисықсызықты қағидасын назарға ұсынды. «Қисықсызықты Парето» қағидасында көрсетілгендей, кез келген адам бір кітапты толық оқи отырып, кітаптағы 400 сөзді қолдану арқылы ақпараттың 65%-ын, 1000 сөзді қолдана отырып 82%-ын, ал 8000 сөзді қолдана отырып 99%-ын жеткізе алады екен. Бұл – адамның есте сақтау қабілетінің күші. Ал, дәрісте талқыланған екінші қағида қабылданған ақпараттың сақтау жадынан ұмытылу көрсеткіші жайында болды. Бұл жөнінде неміс ғалымы Эббингауздың қисықсызықты қағидасында қарастырылған. Нәтижесінде, орта есеппен алғанда, кез келген адам белгілі бір ақпаратпен танысқан сәттен бастап, алғашқы төрт сағат ішінде ақпараттың 50%-ын естен шығарады екен. Ал, төрт күнде 75% ақпарат жадыдан мүлдем өшіріледі. Бұл бір рет танысқандағы көрсеткіш. Осы орайда адам көру арқылы, есту арқылы күнделікті көптеген ақпаратты ой елегінен өткізетінін ескере кеткен жөн. Қатысушыларға таныстырылған үшінші қағидада ақпараттың шынайы өмірде іс-әрекетке ұласуының есте сақтау қабілетін арттыруда алар орны жайында айтылды. Саланы зерттеу кезінде кезіккен ақпаратты оқып, қайтадан естен шығарып отырса, адамның білу деңгейі 20%-ды құрайды. Егерде, әр адам белгілі бір саланы меңгеруде кез келген білген мағлұматын шынайы өмірде, яғни сынып ішінде, зертханаларда, үйде немесе далада жүргенде іс жүзінде жиі пайдаға жаратар болса, есте сақталуы анағұрлым әсерлі. Яғни, білу деңгейі 80%-ды құрайтын болады. Сондықтан, кез келген ақпаратты іс жүзінде қолдана білу біліктіліктің кепілі бола алады. Министр қатысушыларды осы тиімді қағидаларды кәдеге жаратып, шетел тілдерін үйренуге шақырды. Дәріс аяғында ҚР Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев : «Шетел тілдерін барлық ұстаздар мен оқушы-студенттерге үйрету мәселесі жолға қойылып, бірнеше департаменттің бірігуі арқылы мәселе жан-жақты қарастырылуда. Алдағы уақытта тіл үйретуден сабақтар, арнайы курстар тегін ұйымдастырылып, білікті мамандар шақырылатын болады», – деп өз сөзін қорытындылады. Сондай-ақ жиын барысында министрге тыңдаушылар көкейтесті сұрақтарын жолдап, пікір алмасуға мүмкіндік алды.