Түлектер – университет мақтанышы
Түлектер – университет мақтанышы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайынғы дәстүр бойынша Түлектер күні атап өтілді. ҚазҰУ-дың барша түлектеріне арналған салтанатты шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналды. Барша ҚазҰУ түлектері күнін тойлау мерекесіне орай оқытушылар, студенттер мен ҚазҰУ түлектерінің қоғамдастығы студенттік кампус аумағында «Мәңгілік Ел» сәулет кешенін құру идеясын ұсынды. Мереке басында аталмыш кешеннің негізгі композициялық құрылымы – «Мәңгілік Ел» студенттер мен түлектер триумфальді қақпасы, «Темірқазық» монументалды композициясы және субұрқағы бар «Тайқазан» алаңының таныстырылымы өтті.
Түлектер күніне арналған мерекелік жиында сөз бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы: «Әр университет жұмысының көрсеткіші – түлектері. Түлектерінің еңбек жолындағы үздік жетістіктері – университет үшін зор мақтаныш. Осы орайда ҚазҰУ түлектері қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Өз ісінің шебері атанып, туған университетінің дәрежесін көтеріп жүрген барша түлектерімізге үлкен алғысымды жеткіземін» дей келе, 2016 жылғы жас түлектерге ақ жол тіледі. Сонымен қатар ректор университеттің дамуына айрықша үлес қосқаны үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медалімен бірқатар түлектерді марапаттады.
Мерекелік кеште Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті, заң ғылымының докторы, профессор, заң факультетінің 1981 жылғы түлегі Қайрат Мәми қасиетті қарашаңырақ қабырғасында алған білімін ел игілігіне жұмсау – әрбір түлектің міндеті екендігіне тоқталып өтті. Белгілі ақын, ҚазҰУ түлегі Олжас Сүлейменовті «ҚазҰУ-дың №1 белді түлегі» медалімен марапаттады. Олжас Омарұлы Түлектер қауымдастығының атынан үздік студенттерге шәкіртақылар табыстап, білім жолында сәттілік тіледі.