Қазақпарат

7 маусым, 2016

Алматыда ҚазҰУ-да Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы ашылды. АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы ашылды. Ұлттық университеттің ректораты мен ғылыми кеңесінің бірлескен отырысында ЮНЕСКО мен университет басшылығы арасында арнайы келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму жөніндегі кафедрасына халықаралық ЮНЕСКО мәртебесі берілді. «Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының атынан бүгінгі шараға қатысушыларға ризашылығымды білдіремін. Бұл өте маңызды қадам. Қазақ ұлттық университеті жастарды халықаралық қатынастар мәселесіне тарту үшін жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Меніңше, ұлттық университеттің ЮНЕСКО кафедрасының қызметіне арналған жаңа тұғырнаманы дайындауға әлеуеті жетеді. Тұрақты даму мәслелері Қазақстан Республикасы үшін барлық бағытта ұлттық басымдыққа ие», - деді Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Әсел Өтегенова. Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасына халықаралық мәртебе берілуі тұрақты даму саласында біріктірілген білім беру жүйелері мен ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Енді алдағы уақытта Қазақ ұлттық университетінің профессор-оқытушы құрамының алдыңғы қатарлы әлемдік ғылыми орталықтармен ынтымақтасуы Орталық Азия өңірінде университеттер желісін дамытуға және сол желінің негізінде тұрақты даму жөнінде Өңірлік хаб құруға көмектеседі.   Аталмыш жоғары оқу орны басшылығының айтуынша, халықаралық ЮНЕСКО кафедрасы әлемдік деңгейде білім мен тәжірибе алмасудың және университеттер желісін жасаудың тұғырнамасына айналады.