ЮНЕСКО мұрасы ҚазҰУ-да дәріптелдіFarabi University

ЮНЕСКО мұрасы ҚазҰУ-да дәріптелді

21 Сәу, 2026
ЮНЕСКО мұрасы ҚазҰУ-да дәріптелді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Оразбаев оқулары – 2026» XVIII халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция аясында «Сүлеймен тауы – Әлемдік мұра нысаны» атты көрменің ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан және бірқатар шетелдерден келген ғалымдар, зерттеушілер және жас мамандар қатысты. Көрме ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген киелі Сүлеймен тауы кешеніне арналған. Ол Орталық Азияның ежелгі өркениеті мен рухани мәдениетінің аса маңызды орталықтарының бірі ретінде танылған.   

Жобаны археология, этнология және музейтану салаларындағы ҚазҰУ мамандары, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары, Ош мемлекеттік университетінің зерттеушілері және Сүлеймен тауы ұлттық тарихи-археологиялық музей-қорығының өкілдері бірлесе ұйымдастырды.

Экспозицияда археологиялық экспедициялар материалдары, сирек фотосуреттер, мұрағат құжаттары және ғылыми жаңғыртулар ұсынылған. Келушілер петроглифтердің көшірмелерін, ежелгі қоныстар мен үңгірлік кешендерге қатысты деректерді, сондай-ақ табылған артефактілердің үлгілерін тамашалай алады. Ерекше назар тау ландшафтының табиғи және киелі сипатына аударылған. Сүлеймен тауы ғасырлар бойы зиярат орны болып, рухани тәжірибелердің маңызды кеңістігі қызметін атқарған.

Сүлеймен тауы тек геологиялық нысан ғана емес, Ферғана алқабының киелі орталығы ретінде де ерекше маңызға ие. Бұл жерде рухани дәстүрлер, философиялық түсініктер мен халықтық наным-сенімдер қалыптасқан. Тау Ош қаласының үстінен биіктеп, ерекше микроклимат қалыптастырады және Қырғызстанның Қызыл кітабына енген сирек флора мен фаунаны сақтайды. Мұнда адам мен табиғаттың, өткен мен бүгіннің байланысын бейнелейтін ежелгі зиярат жолдары – «қажылық соқпақтары» сақталған.

Көрме тақырыптық тұрғыдан киелі таудың қалыптасу феноменін, оның Ұлы Жібек жолы бойындағы рөлін және аймақ халықтарының діни-рухани дүниетанымындағы орнын қамтиды. Арнайы бөлім Сүлеймен тауы мен Таңбалы петроглифтер кешеніне арналған археологиялық мұраға бағытталған. Бұл ескерткіштер Орталық Азияның мәдени кеңістігінің тұтастығын және ежелгі халықтардың ғарыш пен әлем құрылымы туралы ортақ түсініктерін айқындайды.

Ұйымдастырушылар сонымен қатар экспозицияның бірегейлігін атап өтіп, оның дәстүрлі ғылыми деректер мен заманауи технологиялық шешімдердің үйлесімді ұштасуына негізделгенін жеткізді. 3D модельдер, цифрлық карталар, QR-кодтар және интерактивті аудиогидтер арқылы тау кешенінің тарихи кезеңдердегі эволюциясы көрсетіледі. Бұл тәсіл көрмені кең аудитория үшін қолжетімді етіп, мәдени мұраны тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

  

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі