Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Досановқа «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығы табысталды. Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, сыншы Сәбит Досановқа Махмұд Қашқари атындағы халықаралық «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығы табысталды. Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бас қосқан зиялы қауым өкілдері мен білім ошағының ұстаздар алқасы салтанатты сәттің куәсіне айналды. Алпысыншы жылдары әдебиет айдынын дауылдай шулатып келген жас толқын жазушылардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі Сәбит Досанов өзіндік қолтаңбасымен, өнімді еңбегімен ерекшеленген еді. Тұлпарды тайынан, жүйрікті шаңынан танитын көзі қарақты оқырман қаламын батыл сілтеп, қадамын батыл бастаған жазушыны бірден ұнатып, талантына табынды. ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, Жазушы: - Менің қолымнан әлі қалам түскен жоқ, мен еліме беретінді әлі беріп болған жоқпын. Оқушыларым менің шығармаларымды күтіп отыр. Менің жоспарым бұрынғыдан да артып келе жатыр деген ойменен қағаздан басын алмай, талай шығармаларын өмірге алып келді. Сәбит Досановтың көркем прозадағы алғашқы еңбегі «Ақ аруана» повесі әлемді шарлап, орыс, француз, өзбек, қырғыз, әзiрбайжан тілдеріне аударылып, алыс-жақын шетелдерден лайықты бағасын алып үлгерді. Жуырда ғана жазушының Түркия мен Әзір-байжанда жарық көрген осы аттас кітабының тұсауы Алматыда кесілген еді. ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, Жазушылар Одағы төрағасының бiрiншi орынбасары, ақын: - Өзінің еңбегімен, өзінің талантымен, өзінің шабытымен, өзінің қаламымен бақыт іздеп осы күнге жетіп отырған Сәбең шын еңбектің, әдебиеттегі өте жанкешті еңбектің иесі, үлкен таланттың иесі. Ал бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтановпен бірге өткен кездесуде Әзірбайжан жазушысы Эльхан Зал Сәбит Досановқа «Халықаралық түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығын марапатты түрде табыстап, оған зор алғысын жеткізді. Жанар Жолтаева, Ринат Абулхаиров