ҚазҰУ ғалымдары тарихи жәдігерлерді сақтау жолдарын ұсынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай, «Тәуелсіздік құндылықтары контексіндегі тарихи-мәдени мұраны сақтау саясаты: отандық және халықаралық тәжірибе» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Ауқымды шараны ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасы, Археология және антропология ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ Музеология және ескерткіштану ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңнамасының жүзеге асырылуы, археология саласындағы пәнаралық зерттеулердің бағыттары қарастырылды. Атап айтқанда палеоантропология, археометаллургия, археозоология, археоботаника, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) мен жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ археологиялық ескерткіштерді консервациялау, реставрациялау және реконструкциялау мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстелге Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының, Археология және антропология ғылыми-зерттеу институтының, Музеология және ескерткіштану ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары, сондай-ақ Алматы қаласы музейлерінің қызметкерлері қатысты. Басқосу археологиялық мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.
Айта кету керек, Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні жыл сайын 18 сәуірде аталып өтеді. Бұл дата 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы ICOMOS – Ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңес бастамасымен бекітілген болатын. Оның негізгі мақсаты адамзаттың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен қорғаудың жаһандық маңыздылығына қоғам назарын аудару еді.

Қазақстанда бұл күнге орай тарихи-мәдени мұра нысандарын абаттандыру, ашық есік күндерін өткізу, сондай-ақ ескерткіштердің тарихи маңызы туралы ғылыми-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар