Геоэнергетика орталығының 15 жылдық жетістігі аталып өттіFarabi University

Геоэнергетика орталығының 15 жылдық жетістігі аталып өтті

21 Сәу, 2026
Геоэнергетика орталығының 15 жылдық жетістігі аталып өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан-Франция геоэнергетика орталығының құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға дипломатиялық корпус өкілдері, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, танымал ғалымдар және қос диплом бағдарламаларының түлектері қатысты.

Алқалы жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашты. Құттықтау сөзінде ректор орталықтың отандық ғылымды дамыту мен әлемдік деңгейдегі кадрлар даярлаудағы стратегиялық маңызын атап өтті. «15 жыл – бұл білім беру бастамасының тұрақты стратегиялық әріптестікке айналған маңызды кезеңі. 2010 жылы құрылған орталық – ҚазҰУ, Satbayev University және Лотарингия университеті арасындағы тиімді ынтымақтастықтың үлгісі. Оның негізгі миссиясы – энергетика және георесурстар саласында Қазақстанның ғылыми-инженерлік элитасын қалыптастыру және еуропалық білім беру тәжірибесін енгізу. Француз жоғары оқу орнымен бірлескен қосдипломды бағдарламаның іске қосылуы еліміздегі халықаралық білім берудің дамуына серпін берген маңызды қадам болды. Бүгінде 180-нен астам магистрант оқуын сәтті аяқтап, тұрақты даму, энергетикалық қауіпсіздік және жаңа технологиялар сияқты жаһандық міндеттерді шешуге қабілетті жаңа ғылыми-инженерлік буынға айналды», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасындағы Францияның төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге сөз сөйлеп, орталықтың қызметіне жоғары баға берді. Ол Францияның ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және зерттеу бағыттарын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. «Біз орталық түлектерінің Қазақстан экономикасына нақты үлес қосып, ірі компанияларда табысты еңбек етіп жатқанын көріп отырмыз. Біздің ортақ міндетіміз – осы жетістікті дамытып, жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізу және жүзеге асыру», – деді дипломат.

Шарада Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев пен Лотарингия университетінің халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті Сесиль Нувель сөз сөйлеп, үшжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін растады.

Жиын барысында орталықтың 15 жылдық қызметінің қорытындысы таныстырылып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Satbayev University арасында профессорларды бірлесіп тарту туралы жаңа келісімге қол қойылды. Кештің маңызды сәті 2024-2025 жылғы түлектерге диплом табыстау рәсімі болды. Сонымен қатар алдыңғы буын түлектер де жиынға қатысып,  кәсіби жетістіктерімен бөлісті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі