Сәбит Досанов – Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың иегері.
Қазақтың әйгілі жазушысы Сәбит Мұқанов Сәбит Аймұханұлының «Ақ аруанасы» жайында: «Досановтың «Аруана» хикаясында аналық түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің мекенін, балажандығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезімін толғандырып кейде көзіне жас алғандай халге келтіреді. Кейбір сипатында жақсы ақындар дәрежесіне көтерілген автор қазақ тілінің қайдағы бір тәтті балын тамызады» деп баға берген еді. Дәл осы «Ақ аруана» кітабы үшін Сәбит Досанов Әзербайжан-Түркия қоғамының (ATEV) бекіткен Махмұт Қашқари атындағы Түркі әлемінің Халықаралық сыйлығын иеленді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, М.Шолохов, С.Есенин, Ш.Айтматов, А.Дельвиг атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Ресей әдебиет Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, Василий Шукшин алтын медалінің иегері, профессор Сәбит Досановтың «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» берілген Махмұт Қашқари атындағы халықаралық сыйлықты тапсыруға арналған салтанатты әдеби кеш өтті. Аталған жиынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, қаламгердің өмір жолына, шығармашылығына тоқталды. Мінбеге Бакуден арнайы келген қонақ, «CINAR» журналының бас редакторы, Әзербайжанның құрметті жазушысы Эльхан Зал Карахан көтеріліп, «Махмұт Қашқари» атындағы медальді жазушының төсіне тақты. Ал Әзербайжанның көрнекті ақыны Агаджафар Тасанли қаламгерге арнаған өлеңін оқып берді. Алматы қалалық әкімдігінің басқарма басшысы Нұрлан Сыдықов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ҚР Жазушылар одағы басқармасы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі ақын, сатирик Мыңбай Рәш, белгілі жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков, Мәскеудегі Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, жазушының шығармашылығына байланысты ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ жиын барысында қаламгердің атына жазылған құттықтау хаттар оқылды. ҚазҰУ-дың 1964 жылғы түлегі Сәбит Досановты университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» медалімен марапаттап, оқу орны түлектерімен мақтанатынын мақтаныш етіп, жазушының шығармашылығына табыс, зор денсаулық тіледі. Өз кезегінде С.Досанов ұйымдастырушыларға алғыс айтып, еліміздің ертеңі жастар екендігін, жастардан мол үміт күтетіндігін жеткізді. Бағдагүл Балаубаева