qamshy.kz

15 маусым, 2016

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов ҚазҰУ студенттерімен кездесті. ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов ҚазҰУ студенттерімен кездесті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Бұрын М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Сергей Есенин атындағы «Золотая осень» дипломы мен орденімен, Василий Шукшин медалімен марапатталған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы – Сәбит Досанов өзі түлеп ұшқан қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір зор марапатқа ие болды. «Шынар» журналының бас редакторы, Махмұд Қашқари атындағы қор президенті, Әзірбайжанның көрнекті ақыны Эльхан Зал Карахан Сәбит Досановқа «Ақ Аруана» шығармасы үшін Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықты табыстай отырып, түркі әлеміндегі қазақ халқының орнын, екі ел арасындағы туыстықты «Әзірбайжан мен Қазақстан» өлеңі арқылы атап өтті. Сонымен қатар, Эльхан Зал Карахан «Шынар» журналының басты бетін Сәбит Досановқа арнап, оның «Ақ Аруана» кітабын әзірбайжан тіліне аударған. Махмұд Қашқари атындағы қор жұмысының басты мақсаты – түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетін бүкіл әлемге тарату, жер бетіндегі барлық халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Махмұд Қашқари атындағы сыйлық осы мақсатқа жетуге өз шығармалары мен еңбектері арқылы қол ұшын беріп жүрген азаматтарға, әдебиет, ғылым мен өнер саласында елеулі еңбек етіп жүрген жандарға беріледі. Мұндай беделді сыйлықпен бұдан бұрын Ақылбек Шаяхмет, Олжас Сүлейменов сынды азаматтар марапатталған. Сөз басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы: «Бүгінгі кездесудің қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы, драматург Сәбит Досановпен болуы кездейсоқ емес. Ол – біздің университеттің 1964 жылғы түлегі. Содан бері ол - өзі таңдаған сөз өнерінде шығармашылықтың шыңын бағындырып, университетіміздің атын тек жақсы жағынан шығарып жүрген қазақ халқының дарынды тұлғасы» - деді. Жазушы, драматург Сәбит Досановпен кездесуге, оның қуанышымен ортақтасуға танымал ақын-жазушылар: Мыңбай Рашев, Дулат Исабеков, Ғалым Жайлыбай, Алматы қаласы әкімдігінің ішкі жастар саясат басқармасының басшысы Нұрболат Сыздықов, Ресей қазақтарының атынан Дәмелі Тасмағанбетова, күйші-кампозитор Шәміл Әбілтаев келді. Кездесу барысында Дәмелі Тасмағанбетова жазушыны Ресейдегі қазақтар атынан жылы лебізін білдіріп  құттықтаса, Дулат Исабеков оның қилы тағдырынан сыр шертті. Ал, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев «Сәбең сал» атты Төреғали Тәшеновтің өлеңіне жазылған күйімен кештің сәнін келтірді. Соңғы құттықтау сөзді филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы айтты.  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы кездесу соңында Сәбит Досанов мырзаға университет дамуына айрықша үлес қосқаны үшін әл-Фараби атындағы алтын медалін табыс етті. 

«Қамшы» сілтейді