Германия Федеративті Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетер

4 наурыз, 2010

«Сіздердің Елбасыларыңыз білім саласына қосып жатқан үлесі зор. Бұл бәріне ортақ үлгі!»

2010 жылдың 2 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде Федеративті Германия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетердің қатысуымен «Елшілік сағаты» өтті.

Университет қалашығындағы шағын саяхатын қонағымыз ҚазҰУ универсиетінің тарихи мұражайынан бастады. Университет қызметінің кең ауқымдылығы, ғылыми және халықаралық қарым-қатынастары елшіні таңқалдырды. Көрген білген жайттардан алған сезімін университет ректоры Б.Т. Жұмағұловпен бөліскен болатын.

- Бүгін біз Қазақстанның білім, ғылым және мәдениет саласын дамытуда университеттің маңыздылығын түсіндік. Қазақстанның болашағы үшін әлі де білім және ғылым саласында қолдау көрсетіп, қажырлы жұмыстар атқаруымыз тиіс. Осы бағытта сіздердің Елбасыларыңыз орасан зор қызмет атқарып келеді. Бұл бәріне ортақ үлгі, - деді өз сөзінде Райнер Ойген Шлагетер мырза.

Келісімсөз барысында неміс дипломаты мен ұлттық университеттің ректоры білім және ғылым саласындағы екі жақты қарым-қатынастарды нығайтатындығын мәлімдеді. Елшінің ұсыныстарына жауап берген Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде ҚазҰУ ғылыми байланыстарын, студенттер мен оқытушылардың мобильділігін, оқу-әдістемелік бағдарламаларды салыстыру жұмыстарын кеңейтуге, сондай-ақ, Германияның танымалы ғылыми журналдарында қазақ ғалымдарының мақалаларын жариялауды атап өтті. ҚазҰУ ректорының университет базасында қазақстандық-неміс ғылыми симпозиумын өткізу жөніндегі ұсынысын елші қуана қолдады.

Халықаралық қатынастар факультеті студенттерінің қатысуымен кездесудің «Елшілік сағатында» екі жақты қарым-қатынастар кеңінен талқыланды. Елші дәрісінің алғы сөзінде университет ректорымен кездесу барысында талқылаған мәселелерге тоқталып өтті. Сонымен қатар Алматыда Германия жылын өткізудің салтанатты ашылу рәсімі әлі алда екендігін мәлімдеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші болып бұл бастаманың ашылуына қолқанат болып жүргеніне ризашылығн білдірді. Елші Р. Шлагетер өзінің баяндамасында герман-қазақстан ынтымақтастығының және «2010 - Германияның Қазақстандағы жылы» шарасының негізгі бағыттарын баяндады.

Кейіннен кездесу аясы еркін сұрақ-жауапқа ұласты. Студенттердің қойған сұрақтары екі жақты қарым-қатынастарды нығайту жолдарына, Германияда білікті мамандарды дайындау, ауған мәселесіне арналды. Сауалдар қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде қойылды.

- Қазақстан-Германя ынтымақтастығы - Қазақстан өнеркәсібін дамыту бағдарламасының жүзеге асу кепілі. Осы бағдарламаны Германия қолдауы тиіс, - дейді Федеративті Германия Республикасының Алматыдағы Бас елшісі д-р Герольд Амелунг.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі