Жалынды бағындырған

29 маусым, 2016

Жалынды бағындырған

Жану – адамзаттың негізгі энергия көзі, адам пайдаланып келе жатқан ең көне технология. Археологтардың айтуынша, адамдар отты осыдан 600 мың жыл бұрын пайдалана бас­тады, алайда, оны өндіруді 300 мың жыл бұрын, яғни палеолит дәуірінде ғана бастаған. Ерте заманғы аңыздар мен мифтер отпен тығыз байланысты, оның бір мысалы Прометей жайындағы грек аңызы. Грек философтары отты ғаламның негізгі төрт элементінің бірі деп есептеді. Қазақ дүниетанымында да оттың алар орны ерекше, отты қастерлеу, отпен аластау дәстүрі бар, ең қымбат, ең жақын туыстық қарым-қатынас «отбасы, ошақ қасында» қалыптасады.

Елімізде жану құбылысын ғы­лымдық деңгейге көтеріп, жалынды зерттеу арқылы жаңа өнімдер алып, ғылымда жаңалық ашып жүрген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, елі­міздің жоғары білім беру ісі мен ғы­лымын талантты ұйымдастырушы, білікті басшы – химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Халықаралық Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі, профессор Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров.

Химия факультетіне оқуға барлық пәннен тек «бес» деген баға алып, жоғары конкурстан өткендер ғана түсе алатын еді. Осындай қатаң конкурстан өтіп, сол кездегі ҚазМУ-дың химия факультетінің студенті атанады. Факультетте оқып жүргенде Қазақстанда химия саласында жаңа ғылыми мектептердің негізін қалаған М.И. Усанович, М.Т. Козловский, О.А.Сонгина, Д.В.Сокольский сияқты академиктердің философиялық, классикалық дәрістерін тыңдайды. Біртуар декан, химиктердің ұстазы атанған Б.Бірімжановтың тәрбиесін алады…

Сол жылдары дүниеге жаңадан полимерлік заттар мен бұйымдар келіп, жасанды талшықтардан жасалған материалдар сәнге айнала бастайды. Факультетте 1963 жылы «Жоғары мо­лекулалық қосылыстар химиясы» кафедрасы ашылып, студенттерді тарта бастайды. Жас студенттің бойында осы жаңа салаға деген қызығушылық туады. Бірақ сол кезде физикалық химия кафедрасының оқытушысы Г.И. Ксандопуло өз лабораториясына шақырып, электронды парамагниттік резонанс (ЭПР) әдісімен жалын құрамындағы сутегі атомы мен бос радикалдарды зерттеуді ұсынады. Кафедра меңгерушісі ретінде академик М.И.Усанович те өз қолдауын білдіреді. Осыдан бастап жас ғалымның болашағы, кейінгі өмірі жану химия­сы, кейіннен химиялық физика деп аталған саламен тығыз байланысты болады. Ұстазы Г.И.Ксандопулоның жетекшілігімен ғылым кандидаты, сосын докторы атанады. Ұстазымен бірге факультет деканы Батырбек Бірімжановтың, ректор Өмірбек Жолдасбековтің қолдауымен химия­лық кинетика және жану, қазіргі хи­мия­лық физика және материалтану кафедрасының, физика-химиялық зерттеу әдістері лабораториясының негізін қалаушылардың бірі болады. Осы салада ғылым мен өндірісті дамытып келе жатқан Қазақстандағы бірден-бір ғылым ордасы – Жану проблемалары институтын құруға ат салысады.

Ғылыми-зерттеулер жүргізу арқылы Кеңес Одағында химиялық физика саласының негізін қалаушылар – үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Я.Б.Зельдовичпен, химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, академик Н.Н.Семеновпен, академик А.Г.Мержановпен тығыз қарым-қа­тынас жасайды. Алматы қаласында өткен VI Бүкілодақтық жану және жарылыс бойынша симпозиумда, І Бүкілодақтық макроскопиялық кинетика және химиялық газодина­мика бойынша симпозиумда, І ха­лықаралық өздігінен таралатын жо­ғары температуралық синтез бо­йынша симпозиумда аты мәшһүр ға­лымдармен кездесіп, ақыл-кеңес алады. Деңгейі дүниежүзілік сипаттағы осынау ғылыми жиындардың елімізде өтуі – сол кездегі республикадағы хи­миялық физика мектебінің өркендеп, қарқындай дамығанының көрінісі. Ғылыми мектептің қалыптасуының тағы бір дәлелі – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ғылым мен техника саласындағы алғашқы Мемлекеттік сыйлық 1992 жылы жану процестерінің химиялық негіздері бойынша 1971 – 1991 жылдары жүргізген іргелі зерттеулері үшін Г.И.Ксандопуло, Б.Я.Ко­лесников, З.А.Мансұров, А.А.Са­­ғындықовқа берілген еді.

Көмірсутектер жалынын зерттей жүріп Зұлқайыр Аймұхаметұлы жа­лындағы күйе түзілу мәселесіне ден қояды. Бұл мәселенің екі жағы бар, пайдалы жағы – күйе бояу, толтырғыш, сорбент ретінде жақсы материал бола алады, ал теріс жағы жануда түзілген күйе компоненттері қоршаған ортаға, адам денсаулығына зиян келтіреді. Күйенің бұрыннан белгілі жоғары температурада ғана емес, төмен температурада «суық жалын» деп аталатын режимде түзілетіндігін анықтайды. Бұл құбылыс ғылымдағы жаңалық ретінде тіркеліп, оның авторлары – З.Мансұров әріптестерімен бірге жаңалықтарды тіркейтін халықаралық ассоциациядан диплом алады. Осы жаңалық авторлары 2002 жылы еліміздегі ғылым саласындағы атаулы сыйлық – бірінші дәрежелі Қ.И.Сәтбаев сыйлығымен марапатталады.

Ғылымда, басшылық қызметте жүр­се де Зұлқайыр Аймұхаметұлы оқытушылық қызметтен қол үзген емес. Кафедрада доцент, профессор, меңгеруші ретінде оқу процесіне де тың идеяларымен, жаңа бастамаларымен үлес қосты және қосып келеді. Студенттерге арнап «Физикалық зерт­теу әдістері», «Химиялық физика», «Жану теориясы» және басқа да пәндер бойынша еліміздегі осы бағыттағы бірден-бір оқулықтар мен оқу құралдарын шығарды. Факультетте «Жарылғыш заттар мен пиротехникалық құралдардың химиялық технология­сы», «Химиялық электротехнология және плазмохимия», «Тіршілік қауіпсіздігі», «Наноматериалдар мен нанотехнологиялар» сияқты жаңа ма­мандықтардың ашылуын қолға алды. Жаңа мамандықтар үшін «Нано­технология негіздері» атты оқулық шығарып, «Құпиясыз нанотехнологиялар», «Нанохимия концепциялары» атты оқулықтарды қазақ тіліне аударуда жұмыс тобын басқарды. Жоғары мектеп саласында білім беру ісіндегі еңбегі де ескеріліп, 2010 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленді.

Зұлқайыр Аймұхаметұлы жан-жақты ғалым. Ол осы ретте ұлы Абай еңбектерін ерекше қадірлейді. Мәселен, өзінің мамандығы химик және «Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының» бас директоры болғандықтан, жану мәселесін Абайдың «Қара сөздерінен» іздестірген. Іздегенін Абайдың «Отыз сегізінші қара сөзінен» тапқан. Нақ осы ғақлиясын түгелдей дерлік ғылым-танымға бағыштаған Абай: «Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес қызықтың бәрін қойып, адам баласын пайдалы іс шығармашылығына, яғни, электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандағы уахсусан (ерекше) адам баласының ақыл-пікірін ұс­тартып, хақпенен батылдықты айыр­мақты үйреткендігі – баршасы нафиғлық (пайдалы) болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ», – деп табиғаттың өзегінде жатқан энергетикалық қуатты адам пайдасына жаратудың жетістіктері ғылыммен келгендігін, оның адал ізденістің нәтижесі екендігін тап басып айтқан. Осы сөздер Зұқаңның да жүрегін қозғауы қандай ғанибет.

Ғалым-ұстаздың ұйымдас­ты­ру­шы­лық таланты, көшбасшылық қабілеті әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде 15 жылдан аса уақыт ғылым жөніндегі проректор, бірінші проректор болып қызмет атқарған жылдары айқын көрінді. Тек өзі ғана жұмысқа беріле қызмет етіп қоймай, айналасындағы қызметкерлерін де университет абыройы мен беделі үшін жұмыла еңбек етуге жұмылдыра білді. Университет патриоты ретінде еткен еңбегінің нәтижесін сол жылдары бірге қызмет еткен әріптестері әрдайым ерекше ілтипатпен еске алып отырады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін экономикамыз әлі аяғынан қаз тұрып кете алмай жатқанда, мемлекет тарапынан ғылымға аз көңіл бөлінді, ғылым кадрларын қалай сақтап қаламыз деген мәселе туындады. Сол жылдары З.Мансұров университетте алты ғылыми-зерттеу институты­ның, ғылыми-технологиялық парктің, бірнеше ғылыми орталықтардың құ­­рылуына көп еңбек сіңірді, сол кездегі осы бастаманың іске асуының арқасында университет ғылыми әле­уетін сақтап қала алды. Ғылымның 16 саласы бойынша «ҚазҰУ хабаршысы» серия­лы жур­налдарының дүниеге келуіне ықпал етті.

Халықаралық ынтымақтастық үшін қалыптастырған еңбектері бір төбе – Қа­зақстан-Үнді ақпараттық технология­лар орталығын, Қытай тілі орталығын ашты, еліміздің білімі мен ғылымына жаңадан енген PhD докторларын дайындау бағдарламасын басқарды, «Қазақ университеті» баспасының жұмысын жандандырды. Университеттің дамуы мен жоғары жетістіктерге жетуіне қосқан ерен еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, еліміздің жоғары білімі мен ғылымында қол жеткен елеулі табыстары үшін 2004 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қазіргі уақытта да Зұлқайыр Ай­мұхаметұлы университеттің Ақ­са­қалдар кеңесі төрағасының орынбасары ретінде осы кеңес жұмысының жарқын, мәнді де мағыналы сипатта өтуіне қызмет етіп келеді. «Өнегелі өмір» сериясы кітаптарының, «Аманат» жинақтарының жоспарлы түрде баспадан шығуын қадағалап, әрбір кітаптың тұсаукесерін биік деңгейде өткізуге үлкен үлес қосуда.

«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді халық даналығы. Зұлқайыр Аймұхаметұлы ғалым ретінде өзіне қандай талап қойса, шәкірттеріне де сондай талап қоя біледі. Бұл ұстаздың жастарды қолдап, ғылымға тартып, олардың әрқайсысына белгілі бір мақсат қойып, соған жеткізе білуі – өмірлік ұстанымына айналғандай. Осы күнге дейін З.Мансұровтың жетекшілігімен 8 ғылым докторы, 39 ғылым кандидаты, 10 PhD докторы диссертация қорғап, тәлім-тәрбие алды. Ғылымға ұмтылған қазақтың талай талантты жасының тұсауын кесіп, жанамын деген талай жүрекке от берді. Ғылым кандидаты, сосын докторы атанған шәкірттерінің бірі ретінде менің де ғылым жолына түсуіме Зұлқайыр Аймұхаметұлы үлкен ықпал етті.

Ғалым ретінде Зұлқайыр Аймұхаме­т­ұлының ерекшеліктерінің бірі – әр­қашанда жаңа бағытта жұмыс жа­сауға құштар, жасалған жұмыстарға өте жоғары талап қоюы. Кез келген жұмыстың деңгейін сол салада әлем­де жасалып жатқан жұмыстардың дең­гейіне жеткізуге тырысады. Бұған, әрине, халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға қатысып, баяндама жасау, шетелдік университеттерде тағылымдамадан өту үлкен серпін береді. 1981 жылы Лондон колледж-университетінде алғашқы лекте он ай бойы шетелдік тағылымдамадан өтеді. Халықаралық Сорос, INTAS, DAAD, МНТЦ қорлары арқылы шетелдік университеттерде тәжірибе жинақтайды. Одан басқа, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Carbon», жану, жарылыс, нанотехнология және басқа да өзекті ғылыми мәселелерді қарастыратын дүниежүзілік жиындарға қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының ау­қымын кеңейтіп келеді. Осындай халықаралық ынтымақтастықтың кең қанат жаюының нәтижесінде Жану проблемалары институтының ғылыми жобаларының қаржы көлемі де жыл өткен сайын өсу үстінде. 2013 жылдан бері институт жобаларының қар­жы көлемі 1 млрд. теңгеден асты, бюд­жеті мұндай ғылыми-зерттеу институттарының бірен-саран екендігі көпшілікке мәлім. Институт соңғы жылдары ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыруға баса назар аударып, жаңа өндіріс учаскелері мен орталықтарын ашып жатыр. Институт құрамындағы «Жалын» ғылыми-прак­тикалық техникалық орталығы, Инновациялық орталық арқылы отқа төзімді қаптамалар, электр кабельдері, «ИНГО» маркасымен нанокөміртекті сорбенттер нарыққа ұсынылып, дайын тауар ретінде сатылымға шығарылуда.

Ғалым-ұстаз тек химия және технология саласында ғана емес, биология, экология, физика, ақпараттану, әлеуметтік-гуманитарлық бағытта да зерттеулер жүргізіп, қалам тартып жүр. Хакім Абайдың еңбектерін де зерттеп, көкейге түйген ойларын бұқарамен бөлісуде. Абайдың 45-сөзінде «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деп жазылғандай, Зұлқайыр Аймұхаметұлы да осы сөздерге то­лық мән беріп, ғұмыры мен шы­ғармашылығын ғылымға арнап келеді. «Ел тұлғасы» ұлттық жобасының «Ғы­­лым» номинациясында жеңімпаз атанған ғалым-ұстаздың, Шал ақын «Елу – ердің жасы, жетпіс – оттың басы» деп айтса айтқандай, еліміздің ғылымы мен біліміне берері мол екендігі хақ.

Ердос ОҢҒАРБАЕВ,

химия ғылымдарының докторы,

Химия және химиялық

технология факультетінің деканы

Егемен Қазақстан, 25.06.2016