ҚазҰУ-да Каннам Северанс (Оңтүстік Корея) клиникасынан келген дәрігерлер тегін консультация өткізді

8 шілде, 2016

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы қазақ-корей медицина орталығында Ёнсе (Сеул қаласы) университетінің Каннам Северанс клиникасының қатысуымен қайырымдылық шарасы өтті. Аталмыш іс-шараға корей елінен келген 18 және ҚазҰУ-дан 16 медициналық қызметкер мен еріктілер қатысты.

Тегін медициналық қабылдау Каннам Северанс клиникасында қолданылатын тәртіппен жүзеге асты. Корей елінен келген әріптестер тиімді медициналық қызмет көрсету үшін ҚазҰУ-дың медициналық орталығында орнатылған УЗИ-аппаратты, стоматологиялық қондырғылар мен басқа да құрал-жабдықтарды пайдаланды. Сонымен қатар корей дәрігерлері өздерімен бірге физиотерапиялық құрылғыларды, экспресс-зертхана мен көп көлемде дәрі-дәрмектер ала келген.

Оңтүстік Кореядан келген мамандар: отбасы дәрігері, торакалды хирург, гастроэнтеролог және реабилитолог тегін медициналық кеңес алуға ниет танытқан барлық азаматтарға кәсіби кеңесін берді.

ҚазҰУ-дың медициналық орталығында өткен екі күндік тексерілуге Қазақстан азаматтарынан бөлек, қазақ жерінде уақытша тұрақтаған Оңтүстік Корея елінің азаматтары да қатысты.

Барлық келушілер өздерінің денсаулық жағдайына қатысты сұрақтары болған сауалнамасын толтырды. Емделушілер экспресс-зертханада тексерістен өтіп қана қоймай, түрлі рентгенологиялық және ультрадыбыстық зерттеу қызметтерін тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Келушілердің дені профессор кардиолог Юн Ёнг Вонның кеңестеріне жүгінді. ҚазҰУ-дың медициналық орталығы барлық емделушілерге тегін электрокардиография жасады.

Корейлік әріптестер емделушілерде ауру анықталған жағдайда қолданылатын барлық керек-жарақтар: жақпа майлар, медициналық жабыстырғыштармен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар кішкентай қаралушыларға дәруменді мұз кәмпиттер үлестірілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Корейтану бөлімі меңгерушісі,  профессор Ли Бёнг Джоның басшылығымен келген аудармашы студенттердің тексерудің тиімді өтуіне зор септігін тигізгендерін ерекше атап өткен жөн.

Осылайша, екі күнде тегін медициналық көмек пен кеңеске түрлі бағыттағы алты дәрігердің медициналық қызметіне 200-ден аса емделуші жүгінді.

 

ҚазҰУ Баспасөз қызметі

8(727) 377 3148/49