Өз тәніңді тыңдай біл!

12 шілде, 2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кореяның Тэгу қаласында орналасқан католиктік университеттен (CUOD) келген физиотерапевт профессор Ким Джун Хи тегін кеңес беруде. Дәрігер Қазақстанға студент-ассистенттерін де ерте келген.

Бұған дейін ҚазҰУ жанындағы қазақ-корей медицина орталығында Ёнсе (Сеул қаласы) университетінің Каннам Северанс клиникасының қатысуымен қайырымдылық шарасы өткен болатын. Аталмыш іс-шараға корей елінен келген 18 және ҚазҰУ-дан 16 медициналық қызметкер мен еріктілер қатысты. Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Каннам Северанс клиникасының мамандары мен еріктілері Өскемен қаласындағы емханаларда жергілікті мамандармен шеберлік сыныптарын да өткізген болатын.

Әріптестіктің жарқын жалғасы ретінде Тэгу қаласының болашақ физиотерапевтері биыл Алматы қаласына келді. CUOD университетінің 3-курс студенті ҚазҰУ-дың техникалық мүмкіндіктері мен ұйымдастырушылық қабілетін өте жоғары бағалады. Сонымен қатар Қазақстанға жасаған алғашқы сапары Ұлттық университет пен оқу орны орналасқан таулы аймақтың керемет бейнелерімен есте қалатынын атап өтті.

Корей елінің студенттері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі (ҚДСЖМ) жұмысымен танысты. ҚДСЖМ ҚазҰУ жанынан биыл ғана ашылғанына қарамастан, ол бүгінде «lifelonglearning» негізінде үздіксіз білім беру бағдарламасын ұсынады. ЮНЕСКО, ЭЫжДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары) және Еуропа Кеңесі сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың  пікірі бойынша, білім беру орта және жоғары білім беретін «институттар» бұдан бұрын белгілеген шеңбермен шектелмеуі тиіс. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру үшін дипломалды және ұжымдық білім беруді жолға қою керек.

Тегін кеңес алуға келушілерді қабылдау барысында профессор Ким Джунг Хи соңғы уақытта үлкен қарқынға ие болған урбанизациялану үрдісі кеңсе қызметкерлерінің денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқандығын басып атты. Келушілердің дені компьютер мен аз қимылды қажет ететін жұмыс нәтижесінде пайда болған шағымдармен келеді. Сондай-ақ профессор кеңесінде болғандар өздері қабылдап жүрген дәрі-дәрмектің тиімділігіне байланысты бірқатар сұрақтарға жауап алды.

Дәрігердің айтуынша, көптеген ауруларды өз тәніңізді тыңдау арқылы емдеуге болады екен. Мәселен, науқастың тұрысындағы ассиметрия негізінде, оның арқа аурулары шағымын тек қана ұдайы жаттығу жасау арқылы жоюға болатынын айтып, науқастың жағдайын жақсарту үшін емдік массаж жасалады. Дәрігер қабылдауынан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарып, бастапқыда білінген ассиметрия едәуір азайды.

Физиотерапевт дәрігер қабылдауы 20 шілдеге дейін жалғасады. Профессор Ким Джун Хидің қабылдауынан бөлек, ҚазҰУ жанынан құрылған медициналық орталықта жоғары технологиялармен жабдықталған кабинеттерде кешенді тексерістен өтуге болады. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қала идеясын негізге ала отырып салынған, әлемде теңдесі жоқ «Керемет» қызмет көрсету орталығы бұдан да басқа көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.

ҚазҰУ баспасөз қызметі

 Елдана Тоқбай