АҚШ студенттерінің ҚазҰУ-ға сапары — ҚазҰУ

АҚШ студенттерінің ҚазҰУ-ға сапары

3 тамыз 2026
АҚШ студенттерінің ҚазҰУ-ға сапары

2026 жылдың 29 шілдесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне АҚШ-тан тұрақты даму, экология және халықаралық академиялық интеграция мәселелеріне қызығушылық танытқан жас зерттеушілер мен студенттер тобы келді.

Бұл кездесудің негізі LinkedIn кәсіби желісінде қаланғанын ерекше атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту саласындағы магистрант, саяси талдау мен үкіметтік емес ұйымдар бағдарламаларын жүзеге асыруға маманданған Брайан Овуоче (Brian Owuoche) LinkedIn желісі арқылы университетпен байланысқа шықты. Ол Алматыға сапары аясында КазҰУ-дың «жасыл» технологиялар мен тұрақты даму саласындағы тәжірибесін зерделеуге ниет білдірді.

Академиялық сапардың басты мақсаты — өзге университеттің тұрақты даму саласындағы зерттеу тәсілдерімен танысу және жаһандық экологиялық мәселелерді шешудегі білім берудің рөлін кеңірек түсіну болды. Сапар барысында меймандар университет кампусын, ғылыми-зерттеу зертханаларын және негізгі экологиялық бастамаларды аралап көрді. Шетелдік делегация өкілдері КазҰУ-дың инфрақұрылымы мен Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық орнын жоғары бағалады.

Брайан университетте жүргізіліп жатқан экологиялық зерттеулердің ауқымына тәнті болғанын жеткізсе, оның әріптестері Хантер, Шарлотта және Джеймсон кампустың заманауи жабдықталуын, студенттерге арналған мүмкіндіктердің кеңдігін және университет жүргізіп отырған қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын ерекше атап өтті. Меймандардың пікірінше, КазҰУ өңірдегі тұрақты дамудың анық көшбасшысы болып табылады.

Бұл сапар цифрлық платформалардың халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді. Әл-Фараби атындағы КазҰУ жаһандық диалогты дамытуға, халықаралық серіктестікті қолдауға және әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас ғалымдармен тәжірибе алмасуға әрдайым ашық.