Химия пәні бойынша республикалық олимпиаданың практикалық туры
2026 жылғы 29 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті базасында химия пәні бойынша республикалық олимпиаданың практикалық туры өтті.
Олимпиада аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының қатысуымен ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – химия пәніне қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау, олардың зерттеушілік және эксперименттік дағдыларын дамыту, сондай-ақ жастардың химия ғылымына деген қызығушылығын арттыру.
Практикалық тур барысында қатысушылар терең теориялық білімдерін, химиялық тәжірибелерді өз бетінше жүргізу, зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеу, нақты есептеулер орындау, алынған нәтижелерді талдау және ғылыми негізделген қорытынды жасау қабілеттерін көрсетті. Зертханалық жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау, тәжірибелердің дәлдігі және тапсырмаларды шешудегі ғылыми-зерттеу тәсіліне ерекше назар аударылды.

Олимпиаданы өткізу Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының келесі бағыттарына сәйкес келеді:
ТДМ 4 «Сапалы білім беру» – дарынды оқушыларды қолдау және жаратылыстану-ғылыми білім беру сапасын арттыру;
ТДМ 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» – жастардың зерттеушілік ойлау қабілетін дамыту және ғылым мен инновацияларға қызығушылығын арттыру;
ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» – университеттер, мектептер және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша халықаралық химия олимпиадасына қатысуға үміткер ретінде білім деңгейі жоғары, ерекше қабілетті оқушылар іріктелді. Іріктелген қатысушылар Қазақстан Республикасын халықаралық деңгейде лайықты таныстыру мақсатында тереңдетілген дайындықтан өтеді.
Олимпиаданың практикалық турын ұйымдастыруға және өткізуге жауапты орындаушылар: кафедра доценті Бадавамова Гүлжан Лукпановна кафедраның аға оқытушысы Бахытжан Елдана Ғалымжанқызы және Джуманова Райгүл Жумахановна.
Барлық қатысушыларды құттықтай отырып, халықаралық олимпиадаға іріктелген оқушыларға жоғары нәтижелер, жаңа ғылыми жетістіктер және сәттілік тілейміз!
Басқа жаңалықтар