ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нурбек Үкімет отырысында жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту, еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Министрдің айтуынша, университеттердің жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастығына «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмыстарды мысал ретінде келтіруге болады. Қордың портфельдік компанияларында жыл сайын шамамен 10 мың студент дуалды оқудан және өндірістік практикадан өтеді. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында осы форматқа 4,3 мыңнан астам студент қамтылған.
Дуалды оқыту тау-кен ісі, энергетика, IT, электр техникасы, теміржол көлігі, телекоммуникациялар, цифрлық технологиялар, ресурстарды өндіру және өңдеу сияқты еңбек нарығында маңызды бағыттарды қамтиды.
Менің ойымша, бұл – жоғары білім беру жүйесі үшін өте дұрыс бағыт. Себебі бүгінгі таңда университеттің міндеті тек теориялық білім беріп, диплом табыстаумен шектелмеуі керек. Студент оқу кезінде-ақ өзінің болашақ мамандығы бойынша нақты тәжірибе жинап, өндірістің қалай жұмыс істейтінін көріп, жұмыс берушілердің талаптарын түсінуі қажет.
Осы тәжірибені ҚазҰУ сияқты жетекші жоғары оқу орындарында да одан әрі дамыту өте маңызды деп есептеймін. Университет пен ірі компаниялардың арасындағы байланыс неғұрлым тығыз болған сайын, студенттердің еңбек нарығына бейімделуі де соғұрлым жеңіл болады.
Сонымен бірге, университеттер жұмыс берушілермен бірге оқу бағдарламаларын жаңартып, студенттерге тағылымдамадан өтуге, нақты жобаларға қатысуға және болашақ жұмыс орындарымен ертерек танысуға мүмкіндік беруі қажет. Студент үшін ең маңыздысы – алған білімінің өмірде, өндірісте және нақты жұмыста қалай қолданылатынын түсіну.
Бұл бағытта тек студенттерді практикаға жіберу жеткіліксіз. Университет, мемлекет және жұмыс беруші арасында тұрақты әрі нәтижеге бағытталған жүйе қалыптасуы керек. Яғни студент оқу кезінде тәжірибе жинақтап қана қоймай, оқуын аяқтағаннан кейін сол салада жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік алуы тиіс.
Бұған қоса, қазіргі еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп жатқанын ескеруіміз қажет. IT, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, энергетика, инженерия және басқа да салаларда жаңа мамандықтар мен жаңа құзыреттер пайда болып жатыр. Сондықтан жоғары оқу орындары да осы өзгерістерге тез бейімделіп, студенттерге заманауи білім мен практикалық дағдылар беруі керек.
Меніңше, бұл жұмысты мектептен бастап жүйелі түрде қарастырған жөн. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі университет студенті, ал бірнеше жылдан кейін еңбек нарығына шығатын маман. Сондықтан мектеп, университет және жұмыс беруші арасындағы сабақтастық неғұрлым мықты болса, еліміздің кадрлық әлеуеті де соғұрлым жоғары болады.
ҚазҰУ үшін де бұл үлкен мүмкіндік. Университет өзінің ғылыми әлеуетін, профессорлық-оқытушылық құрамын және студенттерін ірі кәсіпорындармен, технологиялық компаниялармен және ғылыми орталықтармен байланыстыра отырып, еңбек нарығына қажет жаңа жобалар мен бағдарламаларды дамытуы қажет.
Сонымен қатар, студенттердің тек білім алып қана қоймай, өздерін кәсіби тұрғыдан дамытуына жағдай жасау маңызды. Заманауи зертханалар, тәжірибелік базалар, тағылымдамалар, кәсіпорындармен бірлескен жобалар, мансаптық орталықтардың белсенді жұмысы – мұның барлығы студенттің болашақ маман ретінде қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Жалпы, жоғары оқу орындарының еңбек нарығымен байланысын күшейту – уақыт талабы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқаны қуантады.
Ең бастысы, бұл бастамалар тек есеп пен статистика үшін емес, студенттер үшін нақты нәтижеге айналуы керек. Университет қабырғасынан шыққан жас маман еңбек нарығында өз орнын таба алатын, заманауи технологияларды меңгерген, тәжірибесі бар және кәсіби тұрғыдан дайын маман болуы қажет.
Сондықтан жоғары білім мен өндірістің өзара байланысын күшейту – жастардың болашағына ғана емес, тұтас Қазақстанның экономикалық және технологиялық дамуына салынған инвестиция деп есептеймін.
Әл Фараби атындағы КазҰУ аға оқытушысы Б.Н. Бекмашева
Басқа жаңалықтар