- Басты бет
- Жаңалықтар
- География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы академик И.В. Северскийдің 90 жылдығына арналған дөңгелек үстелге қатысты
География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы академик И.В. Северскийдің 90 жылдығына арналған дөңгелек үстелге қатысты
2026 жылғы 17 тамызда Алматы қаласында көрнекті қазақстандық ғалым-гляциолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, география ғылымдарының докторы, профессор Игорь Васильевич Северскийдің 90 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «БҰҰ Плаза» ғимаратында ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қатысып, мерейтой иесін құрметтеуге жиналған ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдерімен, әріптестерімен және ғалымның шәкірттерімен бірге Игорь Васильевичтің ғылымға қосқан үлесін атап өтті.
Игорь Васильевич Северский – әлемге танымал ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, география ғылымдарының докторы, профессор, қазақстандық гляциология ғылыми мектебінің негізін қалаушы және ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ғылыми жетекшісі. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.
Ғалымның ғылыми қызметі тау гидрологиясы, гляциология, тау ландшафттарының гидрофизикасы, қар жамылғысы мен көшкін қаупін бағалау, климаттың өзгеруі, тау криосферасының динамикасы және су қауіпсіздігі мәселелерін қамтиды. И.В. Северскийдің жетекшілігімен ондаған ғылыми бағдарламалар мен жобалар, оның ішінде 24 халықаралық жоба табысты жүзеге асырылды. Ол 200-ден астам ғылыми жарияланымның, соның ішінде 14 монографияның авторы.
Ғалымның ғылыми мұрасында Қазақстан мен Орталық Азия мұздықтарын көпжылдық зерттеулер ерекше орын алады. И.В. Северскийдің бастамасымен мұздықтардың біріздендірілген каталогтарының жүйелі сериясын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Балқаш-Алакөл бассейнінің бірқатар аудандары бойынша 1955–2022 жылдар аралығындағы алтыдан он бірге дейінгі уақыттық кесінділерді қамтитын мұздықтар каталогтары әзірленген. Бұл материалдар өңірдегі мұз басу динамикасын мониторингтеуге, сондай-ақ еріген мұздық суларының өзен ағыны мен өңірлік су ресурстарының қалыптасуындағы рөлін бағалауға маңызды ғылыми негіз болып табылады.
Игорь Васильевичтің көпжылдық ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі отандық география ғылымының, гляциология мен тау гидрологиясының дамуына, ғылыми кадрларды даярлауға, сондай-ақ криосфера мен су ресурстарын зерттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің ұжымы Игорь Васильевич Северскийді 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!
Құрметті Игорь Васильевич!
Сіздің география ғылымының, гляциология мен тау гидрологиясының дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңіз, ғылымға деген көпжылдық адал қызметіңіз және бірнеше буын зерттеушілерін тәрбиелеудегі еңбегіңіз зор құрмет пен ризашылыққа лайық. Сіз қалыптастырған ғылыми мектеп пен көпжылдық зерттеулердің нәтижелері Қазақстан мен Орталық Азияның тау криосферасын, су ресурстарын зерттеу және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ғылыми жұмыстардың берік негізі болып қала береді.
.jpeg)
Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық, сарқылмас күш-қуат және жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз! Бай ғылыми және өмірлік тәжірибеңіз отандық ғылымның дамуына әлі де ұзақ жылдар қызмет етіп, әрдайым жаныңыздан алғысқа толы шәкірттеріңіз, әріптестеріңіз, туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыз табыла берсін!
Басқа жаңалықтар