- Басты бет
- AL-FARABI NEWS LETTERS
- ҚазҰУ ғалымдары қазақ халқының жабайы табиғатты сақтау жөніндегі дәстүрлі білімдерін зерттеуде
ҚазҰУ ғалымдары қазақ халқының жабайы табиғатты сақтау жөніндегі дәстүрлі білімдерін зерттеуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қазақ халқының тарихи дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі жабайы табиғатқа, биоалуантүрлілікке және «тірі ескерткіштерге» деген қарым-қатынасын этнозоология, антропозоология және құқықтық этнология тұрғысынан зерттеп жатыр. Зерттеу адам мен табиғат арасындағы тарихи байланысты, жануарлар дүниесі туралы халықтық білімдердің қалыптасуы мен өзгеруін және оларды сақтаудың дәстүрлі тетіктерін кешенді түрде қарастыруға бағытталған.
Жоба аясында жабайы табиғат өкілдері тек биологиялық нысан ретінде емес, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, дүниетанымы, фольклоры, тілі, шаруашылығы және әдет-ғұрпы арқылы қалыптасқан тұтас мәдени құбылыс ретінде зерттеледі. Ғалымдар этнография, зоология, археология, геоархеология, палеозооархеология, этнолингвистика және құқықтық зерттеулер әдістерін біріктіре отырып, адам мен жануарлар арасындағы өзара байланыстың тарихи эволюциясын анықтауды көздейді.
Этнозоология — адамдардың жануарлар дүниесі туралы дәстүрлі білімін, жануарларды тану, жіктеу, атау, пайдалану және олармен өзара қарым-қатынас жасау тәжірибесін зерттейтін пәнаралық бағыт. Жоба барысында осы ғылыми бағытты Қазақстанның дәстүрлі мәдениетін зерттеуде кеңінен қолдану және отандық этнологиядағы жаңа зерттеу бағыты ретінде дамыту көзделеді. Сонымен қатар ғалымдар жануарларды қорғау мен табиғи ресурстарды пайдалану мәселелерін құқықтық этнология тұрғысынан қарастырады.
Зерттеудің маңызды бағыттарының бірі — қазақ жерінде мекендеген, кейін жойылып кеткен жануарлардың тарихи тағдырын зерттеу. Соның ішінде Тұран жолбарысына ерекше назар аударылады. Ғалымдар оның Қазақстан аумағындағы тарихи мекендеу аймақтарын, көші-қон жолдарын, жергілікті халықтың жолбарыс туралы білімдерін, аңшылық тәжірибесін және осы жануарға қатысты фольклорлық, этнографиялық әрі тілдік деректерді зерттейді.
Зерттеу барысында Қазақстанның мемлекеттік архивтері мен музей қорларында сақталған материалдар қарастырылады. Олардың қатарында жолбарыс аулауға қатысты тарихи құжаттар, жануардың тұлыптары, терісі, сүйектері және басқа да этнографиялық әрі археологиялық артефактілер бар. Мұндай деректерді ғылыми айналымға енгізу Тұран жолбарысының қазақ даласындағы тарихын және оның жойылу себептерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты — жабайы жылқы түрлерінің, соның ішінде құлан мен тарпаңның тарихын зерттеу. Ғалымдар бұл жануарларға қатысты халықтық білімдерді, олардың мекендеу және көшу ерекшеліктерін, аңшылық әдістерін, тұрмыста пайдаланылуын және қазақ тілінде сақталған атаулар мен ұғымдарды талдайды. Сонымен бірге жойылып кеткен немесе саны күрт азайған жануарлардың тағдырын қазіргі табиғатты қорғау және қайта жерсіндіру тәжірибесімен байланыстыра қарастыру жоспарланған.
Зерттеу барысында киік, ақбөкен, арқар, марал, елік және қарақұйрық сияқты жануарларға қатысты дәстүрлі білімдер де зерделенеді. Ғалымдар олардың мекен ету ортасы мен көші-қон жолдары, төлдеу кезеңдері, табиғи құбылыстармен байланысы, халықтық атаулары, аңшылық әдістері және тұрмыстық әрі этномедициналық қолданыстары туралы мәліметтерді жинақтайды.
Жобаның ерекше ғылыми бағыттарының бірі — қазақ даласында аңшылық кезінде пайдаланылған ежелгі «аран» құрылымдарын зерттеу. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Геоархеология халықаралық зертханасының спутниктік және геоархеологиялық зерттеулері барысында Арысқұм мен Дариялықтақыр өңірлерінен осындай құрылымдардың іздері анықталған. Ғалымдар бұл нысандарды археологиялық, этнографиялық және географиялық деректермен салыстыра отырып, олардың қызметі мен тарихи маңызын анықтауды көздейді.
Зерттеу нысандарының қатарында аю, қабан, тау барысы, сілеусін, қабылан, түлкі, қарсақ, борсық, құндыз, суыр, сарышұнақ, жылан және басқа да жануарлар бар. Оларға қатысты халықтық атаулар, мифологиялық және сакральды түсініктер, аңшылық тәжірибелер, жануарлардың терісі мен дене бөліктерін пайдалану дәстүрлері, сондай-ақ фольклорлық және этнолингвистикалық деректер қарастырылады.
Ғалымдар жануарлардың қазақ мәдениетіндегі символдық және рухани маңызын да зерттейді. Атап айтқанда, түз аңдарының мифтік және сакральды бейнелері, тотемдік және культтік түсініктер, жануарларға байланысты әдет-ғұрыптар мен халықтық нанымдардың тарихи өзгеруі талданады. Бұл зерттеулер жануарлар дүниесінің қазақ халқының дүниетанымындағы орнын кеңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жобада қазіргі уақытта Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, Моңғол Алтайында, Қытайдың Ішкі Моңғолия өңірінде және Қырғызстанмен шекаралас аймақтарда өмір сүретін қазақтардың табиғатпен өзара байланысы да қарастырылады. Соның ішінде қодас өсіру, қодастың еті, сүті, жүні мен терісін пайдалану, қодас пен қазақы ірі қараны дәстүрлі будандастыру тәжірибесі сияқты халықтық білімдер зерттеледі.
Жобаның ғылыми жаңалығы — қазақ халқының жабайы табиғатқа қатысты дәстүрлі білімдерін этнозоология, антропозоология және құқықтық этнологияның тоғысында кешенді түрде қарастыруында. Қазақстанда адам мен жануар арасындағы тарихи және мәдени байланысты осы тұрғыдан жүйелі зерттеу әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Зерттеу нәтижелері отандық этнологияның жаңа ғылыми бағыттарын дамытуға және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды жаратылыстану ғылымдарымен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды ерекшелігі — жануарларды олардың табиғи тіршілік ортасымен бірге қарастыру. Тау, дала, шөл, өзен аңғары, тоғай және қамысты алқаптардағы жануарлардың тіршілігі, адамдардың оларды тануы және пайдалану тәжірибесі өзара байланыста зерттеледі. Мұндай тәсіл тарихи экожүйелердің ерекшеліктерін және адамның табиғи ортаға ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында архивтік құжаттар, музей материалдары, археологиялық және этнографиялық артефактілер, тарихи жазбалар, фольклорлық және этнолингвистикалық деректер, сондай-ақ далалық экспедициялар кезінде жиналған материалдар кешенді түрде талданады. Далалық зерттеулер барысында дәстүрлі табиғаттану білімдерін сақтаған ақпарат берушілердің мәліметтері де жинақталады.
Жобаның практикалық маңызы Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау және жабайы табиғатты қорғау саласындағы заманауи тәсілдерді тарихи-мәдени білімдермен толықтырумен байланысты. Зерттеу нәтижелері табиғатты қорғау ұйымдарына, ұлттық парктер мен мемлекеттік табиғи қорықтарға, музейлерге, жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу мекемелеріне пайдалы болуы мүмкін.
Ғалымдардың пікірінше, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде табиғи орта мен жануарлар дүниесі адамның күнделікті өмірімен тығыз байланысты болған. Жануарлар азық, киім, тұрмыстық бұйым, емдік құрал ретінде пайдаланылып қана қоймай, халықтың дүниетанымы мен рухани мәдениетінде де маңызды орын алған. Осы тарихи білімдерді ғылыми тұрғыдан жүйелеу қазіргі биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба нәтижесінде халықаралық және отандық ғылыми журналдарда мақалалар жариялау, «Қазақ және жабайы табиғат: этнозоологиялық халықтық білімдер жүйесі» атты ұжымдық монография дайындау және «Адам және табиғат: далалық зерттеу әдістемесі» атты ғылыми-әдістемелік құжат әзірлеу жоспарланған.
Зерттеу қазақ халқының табиғатпен өзара байланысының тарихи тәжірибесін ғылыми тұрғыдан жүйелеуге, Қазақстандағы этнозоология мен антропозоология бағыттарын дамытуға және биоалуантүрлілікті сақтаудың мәдени негіздерін тереңірек түсінуге үлес қосады. Жоба нәтижелері адам мен табиғат арасындағы тарихи байланысты жаңа ғылыми тұрғыдан зерделеуге және жабайы табиғатты қорғауға қатысты дәстүрлі білімдерді заманауи ғылыми айналымға енгізуге бағытталған.