ҚазҰУ-да Жапония студенттеріне арналған жазғы мектеп басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Sustainable Tourism and Destination Futures атты халықаралық жазғы мектеп өз жұмысын бастады. 28 тамызға дейін жалғасатын шараға Жапонияның Цукуба университетінен 29 студент қатысуда.

Бұл бағдарлама 2025 жылдың желтоқсанында екі оқу орны арасында орнатылған ынтымақтастықтың заңды жалғасы әрі жапондық студенттер үшін Орталық Азияның таулы ландшафтындағы алғашқы далалық тәжірибе.

Шараны география және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасы мен «PolyU–KazNU» Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Салтанатты ашылуда факультет деканы, профессор Әлия Ақтымбаева қатысушыларды құттықтап, білім ордасының халықаралық жобаларымен таныстырды. Ал кафедра меңгерушісі Руслан Байбөриев мектептің негізгі бағыттарын баяндап берді.


Жазғы мектептің оқу бағдарламасы дестинацияларды басқаруды, инфрақұрылымды дамытуды, ерекше қорғалатын аймақтардағы экоменеджментті және цифрлық іздерді талдау арқылы туристер қозғалысын бағалауды қамтиды. Сонымен қатар қатысушылар Үлкен Алматы көліне, «Аюсай» визит-орталығына және Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне практикалық сапарлар жасайды. Бағдарлама соңында студенттер нақты дестинацияны таңдап, өздерінің далалық бақылаулары негізінде туризмді дамытуға арналған арнайы шешімдер мен ұсыныстар дайындайды.

Бағдарламаның алғашқы күнінде қонақтарға кампус-тур ұйымдастырылып, Фараби кітапханасы мен Farabi Hub орталығы көрсетілді. Жоба мазмұны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен толық үндеседі.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар