ҚазҰУ докторантурасына 400-ден астам зерттеуші қабылданды — ҚазҰУ

ҚазҰУ докторантурасына 400-ден астам зерттеуші қабылданды

24 тамыз 2026
ҚазҰУ докторантурасына 400-ден астам зерттеуші қабылданды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2026-2027 оқу жылына докторантураға қабылдау науқаны мәресіне жетті. Нәтижесінде 446 докторант оқуға қабылданып, таңдаған бағыттары бойынша академиялық және ғылыми-зерттеу даярлығын жалғастырады.

Құжаттарды қабылдау 2026 жылы 3 шілде мен 3 тамыз аралығында жүргізілді. Осы кезеңде ҚазҰУ қабылдау комиссиясына 822 үміткерден өтініш келіп түскен. Ал 4-20 тамыз аралығында өткен қабылдау емтихандарында талапкерлердің білім деңгейі, ғылыми әлеуеті мен дербес зерттеу жобаларын жүзеге асыру дайындығы жан-жақты бағаланды.

 2026-2027 оқу жылына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі докторанттарды даярлауға 564 мемлекеттік білім беру грантын бөлді, оның ішінде 81 орын нысаналы гранттарға арналған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үлесі республика бойынша бөлінген жалпы орын санының 19,02 пайызын құрады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі оқу ордасына қосымша төрт орын бөлген.

ҚазҰУ докторантурасындағы білім беру бағдарламасы тереңдетілген ғылыми даярлықты, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуды және жетекші ғалымдармен өзара ынтымақтастықты көздейді. Докторанттар заманауи академиялық ортада жұмыс істеп, зерттеу нәтижелерін жариялап, кәсіби байланыстарын кеңейте алады.

Докторанттардың жаңа легі университеттің ғылыми қауымдастығының бір бөлігіне айналады. Олардың зерттеулері өзекті мәселелерді шешуге, перспективалық ғылыми бағыттарды дамытуға және Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға бағытталмақ. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі