ҚазҰУ студенті – Олимпиада чемпионы

11 тамыз, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында «алтын» жүлдені қанжығасына байлады. Ол ерлер арасында брасс әдісімен 200 метр қашықтыққа жүзуден үздік көрсетікшпен жеңіске жетті. Бұл қазақ спорты тарихындағы Олимпиада ойындарында жүзуден алған алғашқы алтын.

Дмитрий Баландин әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дене шынықтыру және спорт кафедрасының 4-курс студенті.

Спортшы университеттің аға оқытушылары, спорт шеберлері – Андрей Хохлов пен Қуат Мақашевтардың жетекшілігімен жаттығады. Дмитрий – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ Инчхонда өткен (Оңт.Корея) XVII Азия ойындарының браспен жүзу әдісі бойынша үш дүркін алтын медаль иегері.

Бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Елдос Сметов Рио Олимпиадасында ерлер арасындағы дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алғашқы күміс медальді салған болатын. Елдос Сметов – дзюдодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Риодағы олимпиада ойындарына Қазақстанның ұлттық құрамасында ҚазҰУ-дың 17 студенті спорттың 6 түрінен: жүзу, ауыр және жеңіл атлетика, дзюдо, еркін және грек-рим күресінен бақтарын сынауда.

ҚазҰУ студенттері спорттық шеберліктерімен, жеткен жетістіктерімен университеттің еліміздегі ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы үздік оқу ордасы екенін тағы бір дәлелдеді.

 

ҚазҰУ, Баспасөз қызметі

8 (727) 377 31 48/49