- Басты бет
- Жаңалықтар
- «ҚҰРЫЛТАЙ – ЕЛІМІЗДІҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАЙТЫН ОРТАҚ АЛАҢ» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ
«ҚҰРЫЛТАЙ – ЕЛІМІЗДІҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАЙТЫН ОРТАҚ АЛАҢ» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ
2026 жылдың 25 тамызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Құрылтай – еліміздің маңызды мәселелерін талқылайтын ортақ алаң» тақырыбында онлайн форматта дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Ұлттық құрылтайдың қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтудағы маңызын саралау, оның тарихи және заманауи мәнін талқылау, Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерістеріндегі рөлін бағамдау болды. Сонымен қатар, Құрылтай аясында көтерілген бастамалар мен Мемлекет басшысы ұсынған идеяларды білім беру және тәрбие үдерісімен сабақтастыру мәселелеріне назар аударылды.
Дөңгелек үстел барысында PhD, аға оқытушы Қондыбаева Раушан Жумакеримовна «Ұлттық құрылтай және жастар» тақырыбында баяндама жасап, Ұлттық құрылтайда көтерілетін мәселелердің жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Жастардың қоғамдық үдерістерге белсенді араласуы, ұлттық құндылықтарды құрметтеуі және ел болашағына жауапкершілікпен қарауы жөнінде ойлар ортаға салынды.

Филология ғылымдарының кандидаты Каракулова Айгул Мадиевна «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына қарай трансформациясы» тақырыбындағы баяндамасында еліміздің қазіргі даму үдерістеріне, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен жаңғыру бағыттарына талдау жасап, мемлекет дамуының жаңа кезеңіндегі өзекті мәселелерге назар аударды.
Оқытушы Аширкулов Канат Бахтиярулы «Құрылтай: тарихи жадыдан жаңа саяси институтқа дейін» тақырыбындағы баяндамасында Құрылтай дәстүрінің тарихи тамырларына тоқталып, оның Ұлы даладағы ортақ шешім қабылдау мәдениетімен сабақтастығын қарастырды. Сонымен қатар, Құрылтай ұғымының тарихи кезеңдердегі қызметі мен қазіргі Қазақстан жағдайындағы жаңғыруы, қоғамдық диалог пен мемлекеттік жауапкершілікті ұштастырудағы маңызы сараланды.
Іс-шараға кафедра оқытушылары белсенді қатысып, баяндамалар төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Құрылтайдың қоғамдық келісімді нығайтудағы, маңызды мемлекеттік және әлеуметтік мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік беретін диалог алаңы ретіндегі қызметі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар Құрылтайда көтерілген бастамалардың қоғамның әртүрлі салаларына ықпалы жөнінде өз ойларын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Пікірталас барысында Ұлттық құрылтайда және Мемлекет басшысының сөздерінде көтерілген идеяларды студенттердің оқу-тәрбие үдерісіне енгізу жолдарына да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы дәріптеу, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді ұрпақ қалыптастыру мақсатында дәрістерде, семинар сабақтарында, тәрбие сағаттарында және студенттік ғылыми жобаларда Құрылтай материалдарын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында Құрылтайдың тек маңызды мәселелер көтерілетін қоғамдық алаң ғана емес, тарихи сабақтастықты, қоғамдық диалогты және мемлекеттік жауапкершілікті өзара ұштастыратын маңызды институт екені атап өтілді. Осындай мазмұндағы іс-шаралар оқытушылар мен білім алушылардың елдегі қоғамдық-саяси үдерістер туралы түсінігін кеңейтіп, азаматтық сана мен жауапкершілікті нығайтуға, ұлттық және мемлекеттік құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері К.Б. Аширкулов, PhD, аға оқытушы Исмаилова Нургул, ф.ғ.к. Каракулова Айгул Мадиевна, PhD, аға оқытушы Қондыбаева Раушан Жумакеримовна.
Басқа жаңалықтар