Білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артып келе жатқан заманда өзара тәжірибе алмасу білім сапасын арттырып, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Осындай мақсатпен ҚазҰУ-дың Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушы-профессорлары мен Қарақалпақстан Республикасы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті өзбек филологиясы факультетінің Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасынан PhD, доцент Гүлшат Адилова, PhD Ақмарал Серікбаева, Өзбек тілі және әдебиеті кафедрасынан доцент Назира Янгибаева, Зулфия Асаматдинова, Түркмен тілі және әдебиеті кафедрасынан Саят Авезклычева, қарақалпақ филологиясы және журналистика факультеті Қарақалпақ тiл білімі кафедрасынан доцент Гүлжаһан Алламбергенова, Практикалық филология кафедрасынан доцент Қызларгүл Усенова, Гөззал Атабаева академиялық тәжірибе алмасты.
Олар ф.ғ.д., профессор Р.Авакова, Г.Мадиева, ф.ғ.д., доцент Ж.Ибраева, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор С.Бектемірова, PhD Ш.Таубайқызы, оқытушы Қ.Әшірқұлов т.б. оқытушы-профессорлардың сабағына қатысып, оқыту әдістемелері мен академиялық бағыттар туралы өзара пікір бөлісті. Түркітану және лингвистика мамандығының студенттері, магистранттары мен докторанттары өзбекстандық ғалымдармен еркін пікір алмасып, түркітану және лингвистика ғылымының өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігіне ие болды.
Өзбек филологиясы факультетінің Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, PhD Гүлшат Ағытайқызы «6В02209 – Түркітану» БББ 3-курс студенттеріне «Түркі тілдерінің тарихы» пәнінен «Графикалық лингвистиканың негізгі тараулары. Графикалық лингвистика, мақсаты, міндеттері, зерттеу нысаны» тақырыбында ашық сабақ өтті. Студенттерге өзінің тәжірибесі негізінде графика тарихы, жазу түрлері туралы кең түсінік берді.
Біліктілікті арттыру курсына келген тыңдаушылар университетіміздің оқытушы-профессорының сабақтарын жоғары деңгейде бағалап, олардың кәсіби шеберлігін, студенттердің белсенділігі мен білім деңгейін ерекше атап өтті. Өз пікірлерінде білім беру жүйесі мен түркітану, лингвистика саласындағы жетістіктерді жоғары бағалап, алдағы уақытта да осындай ынтымақтастық жалғасын табатынына сенім білдірді. Тәжірибе алмасу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нығаюына, оқытушы-профессорлар, студенттер, магистранттар мен докторанттардың өз білімдерін толықтырып, халықаралық тәжірибе жинақтай алуына ықпал ететін маңызды қадам болды.
Шолпан КУДЬЯРОВА,
оқытушы, PhD
Гүлжамал ҚОРТАБАЕВА,
ф.ғ.к., аға оқытушы
Басқа жаңалықтар