ҚАЗҰУ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС-СОЛТҮСТІК УНИВЕРСИТЕТІ МАРҚАКӨЛ ӨҢІРІНДЕ БІРЛЕСКЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗДІ — ҚазҰУ

ҚАЗҰУ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС-СОЛТҮСТІК УНИВЕРСИТЕТІ МАРҚАКӨЛ ӨҢІРІНДЕ БІРЛЕСКЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗДІ

26 тамыз 2026
ҚАЗҰУ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС-СОЛТҮСТІК УНИВЕРСИТЕТІ МАРҚАКӨЛ ӨҢІРІНДЕ БІРЛЕСКЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗДІ

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы, Шиән қаласындағы Батыс-солтүстік университетінің Жібек жолы археологиялық зерттеу орталығы арасындағы меморандум негізінде Қазақ-Қытай біріккен Алтай археологиялық экспедициясы құрылып, далалық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Бірлескен зерттеу жұмыстары ТДМ 11 – Тұрақты қалалар мен елді мекендер, соның ішінде мәдени және табиғи мұраны зерттеу мен қорғау бағытымен сабақтас.

Экспедицияның негізгі мақсаты – Марқакөл өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді бірлесіп зерттеу, ғылыми деректерді толықтыру және заманауи археологиялық әдістерді қолдану арқылы аймақтың мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан құжаттандыру.

Далалық зерттеулер бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылды:

  • Тосқайың ауылы маңындағы Саты жерлеу-ғұрыптық кешенінде кейінгі сақ дәуіріне жататын Пазырық мәдениетінің б.з.д. V–III ғасырларға мерзімделетін екі қорғанында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу аяқталғаннан кейін қорғандар бастапқы қалпына келтірілді;

  • қазба жұмыстарының нәтижесінде екі қорғаннан төрт жылқының сүйек қалдықтары және тонаудан кейін сақталған екі адамның сүйек қалдықтары анықталды. Сонымен қатар табылған басқа да археологиялық артефактілер зертханалық зерттеулерге дайындау кезеңінен өтуде;

  • Қарақаба өзені аңғары мен оған іргелес аумақтарда археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, ықтимал жаңа археологиялық нысандар анықталып, ескерткіштер туралы бастапқы деректер жинақталды;

  • археологиялық ландшафттарды тіркеу және құжаттандыру барысында әуе фотограмметриясы материалдары қолданылды.

Зерттеу жұмыстарын тарих ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ Археология және антропология институтының директоры, қауымдастырылған профессор Ғани Қалиханұлы Омаров басқарды.

Экспедиция жұмысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының қызметкерлері, бейінді ғылыми ұйымдардың мамандары және Тарих факультетінің археология мамандығының студенттері қатысты. Қытай тарапынан Батыс-солтүстік университетінің профессоры Shao Huiqiu жетекшілік еткен докторанттар Du Meng, Shi Handa, Song Jiawen және Zhao Tingting далалық зерттеулерге қатысты.

Экспедиция барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары мен студенттердің оқу-далалық тәжірибесі қатар жүзеге асырылып, қазақстандық және қытайлық мамандар арасында археологиялық зерттеу тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік жасалды.

ҚазҰУ мен Батыс-солтүстік университетінің Жібек жолы археологиясы бағытындағы мамандары келесі жылы да Марқакөл өңірінде бірлескен археологиялық зерттеулерді жалғастыру туралы уағдаласты. Бұл келісім екі университет арасындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Алтайдың археологиялық мұрасын халықаралық деңгейде кешенді зерттеуге мүмкіндік береді.

Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің AP26100595 «Марқакөл қазаншұңқырының археологиялық ескерткіштері мен мәдени мұрасы: пәнаралық және кешенді зерттеу» ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылды.