Ғылым жолында өз қолтаңбасы бар еді — ҚазҰУ

Ғылым жолында өз қолтаңбасы бар еді

28 тамыз 2026
Ғылым жолында өз қолтаңбасы бар еді

Халқымыздың «аға» деген сөзінде жылылық пен ерекше қасиет бар. Ағалардың болмысынан, сипатынан әрқашан көктемдей көңіл кеңдігін сезінбейтін кезіміз бол­­мас. Өмірінде жақсы аға­лар көп ұшырасқан адам­ның жолы болғыш ке­леді. Олардың қам­қорлығын көрген інілер, кейінгі толқын жастар осындайда аға үмітін ақтауға тырысып, биіктерге талпынып ұмтылады.

Мұндай ағалар ешкімді елге, жерге бөліп алаламайды. Тек ісіне, сөзіне, ізгілігіне, таланты мен талабына, дарыны мен қарымына қарайды. Ағалардың бір ауыз жылы сөзі, саған деген сенімі қанаттандырады, титтей талабыңды таудай қылады, алдыңнан алыс қияндарға жол ашады. Қылышбай ағам осындай адам еді. Болмысы жарқын, кісіге болсын деп жү­ретін бауырмал жан еді. Кей­де қиын сәттерде тез шешім табады. Уәделі. Бір сөз­ді. Қазақта «менің» деп меншіктеп айту бауырмалдық пен ескі көшпенділік дәстүрдің жалғасы деп білемін, яғни «менің далам», «менің елім», «менің жерім» т.б. айтылады. Сол ағамызға естелік жазу өте қиын екен. Дегенмен жазуға тура келеді, себебі Қылышбай ағаны бүкіл Атырау елі жақсы біледі, әсіресе педагогтер қауымы. Бұрын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқытушыдан бастап, факультет деканы қызметтерін атқарып жүріп, БАҚ-та үнемі жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар туралы мақалалар жазып жүретін. Ол кісі Атырау өңіріне ғана емес, елімізге белгілі ұстаз Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы мен іс-тәжірибесін түгендеп, ғы­лыми айналымға енгізіп, бірнеше рет ғылыми конференция ұйымдастырды. Сонымен қатар озат ұстаздаға арнап «Құсиын Айтқалиұлы» төсбелгісін жасатып, бірнеше ұстазды марапаттаған еді. Оның республикалық «Ұс­таздық ең­­бек» газетінің құрылтайшысы ретінде елге сіңірген еңбегі зор. Елдегі ұстаздардың мүддесін қорғап, үнемі әділеттіліктің жанашыры мен қорғаушысы болды.

Қылышбай ағай қазақ журналистикасының тарихын зерттеген еліміздегі санаулы ғалымдардың бірі болатын. Себебі баспасөз тарихы өте күрделі және тарихи деректерді терең зерттеуге арналған. Ол 2008 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы диссертациялық кеңесте «Батыс Қазақстандағы баспасөздің дамуы (1917-1940 жж.)» тақырыбында диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Сол саланы ерінбей зерттеп, қазақ халқының баспасөз тарихын түгендеген еді. Өзінің саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған, ғылым мен сөз өнерін, ұстаздық пен қоғамдық қызметті бір арнада тоғыстырған көрнекті тұлға еді. Ол ұрпақ тәрбиесінде, журналистика мен білім саласында, азаматтық ұстаным мен әділ пікірдің үлгісін көрсете білді. Қай қызметте жүрсе де, ел мүддесін биік қойып, жауапкершілік пен парасаттың адал жолынан тайған емес. 

Қылышбай ағамыздың бо­йы­­на біткен қасиет – ол ауыл­дағы үлкен қариялардың өнегесінен тәлім алған тәр­бие­сі болатын. Ол кісінің өне­гелі қасиеттерінен әр адам өзі­не тәрбие алар деген оймен түсіндіруге талпындым.

Ағамыз бар ғұмырын ұлттық журналистика тарихын зерттеуге арнаған еді. Зерттеу жұ­мысында журналистика та­рихын мұрағат құжаттарымен тиянақты қарастырып, ғылыми айналымға енгізген болатын. Ол қазақ журналистикасының теориясы мен тарихын зерт­­­­теген көрнекті маман ре­­тінде танылды. Қылышбай Сүн­детұлының қызметін бір­неше бағытта бағалауға болады: өңірлік тарихты жүйе­­леп, Атырау облысының тарихи деректерін ғылыми айналымға енгізді; журналистика теориясын дамытуға үлес қосып, қазақ баспасөзінің құрылымын жаңаша түсіндірді; қоғамдық қызмет атқарып, білім саласындағы әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Ғалымның негізгі зерттеу нысаны – Қазақстандағы, әсі­­ресе Батыс өңіріндегі бас­­па­сөз тарихы. Ол өз ең­­­­бек­­­­те­рінде ау­­дандық және об­лыстық га­­зет­тердің қа­­лып­тасуын қа­­­­рас­­тыр­ды; кеңестік кезеңдегі БАҚ-тың идео­ло­гия­лық қыз­ме­тін салыс­тыр­ды; елі­міз­дің тәуел­сіздік кезеңіндегі ақпа­рат­тық транс­­­­формацияны ғы­лыми тұрғыда жүйеледі. Қылышбай Сүндетұлы аймақ­тық баспа­сөз­ді тек ақпарат құ­ралы ре­­тінде емес, әлеумет­тік инс­титут ретінде қарас­ты­ра­ды. Бұл оның зерттеу­ле­рінің әдіс­­на­малық жаңалығы болып табылды.

Қылышбай Сүндетұлы тек ғалым емес, қоғам қай­раткері ретінде де бел­гі­лі болды. Ол Атырау об­лысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ұйымының төрағасы ретінде ұстаздардың құқықтарын қор­ғау, еңбек жағдайын жақсарту ба­ғытында белсенді жұмыс жүргізді. Оның баяндамала­ры мен кездесулерінде мұғалім мәртебесін көтеру; педагогтерді әлеуметтік қорғау мәселелері; білім беру жүйесіндегі реформалар жиі қозғалды.

Қылышбай Сүндетұлының еңбектері қазіргі ғылым үшін бірнеше тұрғыдан маңызды:

Журналистика ғылымы үшін:

  • Қазақ журналис­ти­ка­сы­ның теориялық негізін то­лықтырды; 

  • Өңірлік БАҚ-ты зерттеу бағытын дамытты. 

Тарих ғылымы үшін:

  • Жергілікті тарихты ғылыми айналымға енгізді; 

  • Атырау өңіріндегі тарихи тұлғалардың өмір жолын зерт­теді;

  • жаңа деректер ұсынды.

«Жақсы адам – қазына» дейді халқымыз. Қылышбай аға да сондай қазына еді. Ол кісіден дәріс алған шәкірттері ел өміріне белсене арала­сып, қоғамда өз орнын тап­қан азаматтар. Олардың ал­­ды облыс, аудан әкімдері, белгілі ғалымдар, ұстаздар. Қылышбай ағаның ұрпақ тәрбиесіне арнаған қырық жылдық ұстаздық еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланды. «Жақсының аты өлмейді, ға­­лым­ның хаты өлмейді» деген сөз осындай азаматтарға арналып айтылса керек.

Уақыт өзінің дегенімен жү­реді. Қылышбай ағамның дүниеден озғанына жарты жыл­ға таяп қалыпты. «Диірменнің та­сындай дөңгелеген дүниенің» мұнша қысқа әрі ұзақ айналатынын кім біледі дейсің... Қалай десек те, өмірдің өтері, пенде атаулының пәниден ба­қиға, әйтеуір, сағаты соқ­қан сәтте қоныс аудараты­ны ақиқат. Со­лай десек те, ажалдың аза­­бына көну, ақиқатын мойын­дау – ауырдың ауыры екен. Тоқтамға көнетін, тәу­бе­ге келгіш халықпыз ғой. Ғы­лым жолындағы үзеңгілес ағамыздың мәңгілік сапарына сенбей, келіп қалатындай екі көзім төрт болғанымен, уақыт мойындатады екен. Тек бір ғана тәубе ететінім – ағамның артында із қалғаны.

Қылышбай Сүндетұлы – қа­зақ журналистикасы мен тарих ғылымының тоғысқан тұсында еңбек еткен әмбебап ғалым. Оның ғылыми мұрасы өңірлік тарих пен баспасөз зерттеулерінде маңызды орын алады. Сонымен қатар ол қоғамдық қызмет арқылы білім беру саласының дамуына нақты үлес қосқан тұлға ретінде есте қалады. 

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

педагогика ғылымының кандидаты