Кешегі түлек – бүгінгі мақтанышымыз
Аида Нұрғалиқызы студенттік шағын 2006 жылы қасиетті қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Гидрометеорология» мамандығына оқуға түсумен бастап, 2010 жылы «Метеорология» мамандығы бойынша жаратылыстану бакалавры дәрежесін қызыл диплом алумен аяқтады. Бакалавриатта оқып жүргенде өзін білімді, ұқыпты және жауапты тұлға ретінде көрсете білді. Университет өміріне белсене араласып, сүйікті университетіміздің өркендеуіне өз үлесін қосу үшін факультет белсенділері қатарына қосылды. Алғашында студенттер мәслихатының хатшысы қызметінен бастап, кейіннен «Сұңқар» студенттер кәсіподағының факультет төрайымы қызметімен жалғастырды.
Факультет және университет өмірінде белсенділік танытқаны үшін 2009 жылы «Үздік студенттер» слетінде сол кездегі тәрбие жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева «Үздік көшбасшы студент» атағымен марапаттады. 2-курстан бастап ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев стипендианты атанды. 2008 жылдан бастап Студенттер сенатында баспасөз хатшысы қызметін атқарып, университеттің жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттады. 2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен ғылыми зерттеу жұмыстары байқауында жүлделі 2-орынды иеленіп, сол кездегі білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев мырзаның алғыс хатымен марапатталды. 2010 жылы университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов мырзаның шешімі бойынша университеттің 13 факультетінен ең үздік 13 студентке магистратураға жолдама берілгенде Аида Нұрғалиқызы магистратураға жолдама алды. Магистратурада оқу барысында ғылыми зерттеу жұмыстарына көбірек көңіл бөліп, «Жандаев оқулары», «Ғылым әлемі» сияқты халықаралық жас ғалымдар конференцияларында жүлделі орындарды иеленді. Магистратурада оқып жүргенде әртүрлі экология мәселелеріне бағытталған ғылыми жобаларға қатысып, ғылымға деген қызығушылығын арттыра білді. Магистрлік диссертацияны «Жер беті озон қабаты» тақырыбында сәтті қорғап шығып, 2012 жылы жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне ие болды.
Аида Нұрғалиқызы еңбек жолын 2012 жылы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті Метеорология және гидрология кафедрасында оқытушы ассистенті дәрежесінен бастап, қазіргі уақытта аға оқытушы қызметін атқаруда. «Аймақтық синоптикалық метеорология», «Авиациялық метеорология», «Физикалық метеорология», «Метеорологиядағы өлшеу әдістері», «Жаһандық климаттың өзгеруі», «Климаттық инновациялар және тұрақты даму» және т.б. оқу пәндерінен білім береді. Білім берумен қатар, білім алмасуды да тұрақты түрде тәжірибеден өткізеді. CSSTEAP, Dehradun ұсынған «Online Short Course on «Remote Sensing and GIS Technology and Applications» онлайн курсы (2020), Researcher Academy On Campus ұсынған «How to publish your article in indexed journal: 3 steps to success. Part 1» (2021) және «How to enhance your authors profile and find collaborations» (2021) семинарларын, ESRI ұсынған Introduction to GIS курсы (2024), WMO ұсынған WMO-CIMSS forecaster курсы (2024), ҚазҰУ Біліктілікті арттыру институты ұсынған «Аймақтық синоптикалық метеорология» (2025) және «Ғылыми зерттеулердегі заманауи құралдар» курстарын (2025) аяқтап, сертификаттарға иеболған.
Аида Нұрғалиқызы оқу үдерісмен қатар, кураторлық-эдвайзерлік жұмысты қатар алып жүріп, «Метеорология» білімбағдарламасы бойыншастуденттік топтарға куратор-эдвайзер қызметін атқарды. Студенттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырып, музей, театр, көрмелерге барып, студенттердің тұлғалық, рухани, кәсіби дамуларына үлкен үлес қосты. Аида Нұрғалиқызының эдвайзерлік тобындағы студенттер бүгінде білімді, білікті мамандар: Тұрсын Тілләкәрім – РhD докторы, РМК «Казгидромет», ҒЗО басшысы; Бауыржан Рүстембек – Пиза университетінің магистранты (Италия), Оңтүстік Флорида университетінің докторанты (АҚШ), Erasmus бағдарламасы (Испания), Меруерт Құрманова – PhD докторы; сонымен қатар РМК «Қазаэронавигация», РМК «Қазгидромет» ұйымдарында синоптик, метеоролог, климатолог мамандары қызмет етуде.
Аида Нұрғалиқызы ғылыми-зерттеуді деерте бастап, 30 жасында, яғни 2018 жылы Бішкек қаласының И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті және Ош мемлекеттік университеті, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің диссертациялық кеңесі, Қырғыз Республикасының ЖАК 25.00.36 – «Геоэкология» мамандығы бойынша ИКД №002215 кандидаттық диссертациясын қорғап, география ғылымының кандидаты дәрежесін алды.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына да белсене араласып, «Табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландырудың және климаттың өзгеруі жағдайында тұрақты дамуды қамтамасыз етудің ғылыми негіздері» тақырыбы бойынша ҚР БҒМ жобасына қатысты (2011-2014 жж.). Сондай-ақ қазіргі уақытта BR24993222 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын «Тұрақты даму аясында Солтүстік Қазақстан облысының аумағын табиғи-шаруашылық жайластыру үшін шешімдер қабылдауды қолдау жүйесін құру» ғылыми жобасының қатысушысы.
Қазіргі таңда Аиданың ғылыми-зерттеу бағыты Тұрақты даму мақсаттарының 13-бағыты, яғни климаттың жаһандық өзгеруі мен оған бейімделу аясына сәйкес келеді. Кафедра аясында климаттың аймақтық өзгерістері, соған байланысты туындайтын қауіпті метеорологиялық құбылыстарды болжау және олардың алдын алушаралары бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл зерттеулердің нәтижелері табиғи апаттардың алдын алуға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы мен авиация саласының тиімділігін арттыруға, сондай-ақкүнделікті ауа райы болжамының сапасын жақсартуға бағытталған. Аида Нұрғалиқызы бірлесе жазған үшоқу құралының, 25-тен асағылыми еңбектің авторы.
Аида Нұрғалиқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, оқу үдерісі бойынша география және табиғатты пайдалану факультетінің оқыту және білім беру сапасы бойынша академиялық комитетінің мүшесі, кафедра оқытушыларының оқу-әдістемелік кешендерінің сапасын тексеріп, білім сапасын жақсарту бойынша әдістемелік жұмыстар атқаруда.
Жыл басында Аида Нұрғалиқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жас ғалым ретінде пәтер сертификатын иемденді. Осындай қолдау мен сенім үшін Мемлекет басшысына, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына және ғылымның дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысын білдіреді. Бұл сенімді ақтау жасғалымдардың басты міндеті деп есептейді.
Біз кешегі түлегіміз, бүгінде кафедрамыздың мақтанышына айналған Аида Нұрғалиқызының ғылыми жолына сәт-сапар тілейміз.
Әлия ЖЕКСЕНБАЕВА,
доцент м.а., география
ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар