Оқытушылар конкурсына қатысты ресми хабарлама
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушылардың лауазымдарға орналасуы бойынша Конкурстық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына академиялық және ғылыми бағыттарға жетекшілік ететін проректорлар, білім беру процесін ұйымдастыруға тікелей жауапты құрылымдық бөлімше басшылары, сондай-ақ гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми факультеттердің өкілдері кіреді.
Кандидаттар оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстарын қамтитын тиісті оқу жылындағы индикативтік жоспардың (KPI) орындалу нәтижесімен бағаланады.
Университеттің KPI жүйесі оның зерттеу университеті ретіндегі мәртебесі мен стратегиялық даму бағыттары ескеріле отырып әзірленген. Бұл ретте индикативті жоспарды (KPI) жыл бойы уақтылы әрі толық толтыру оқытушының өз жауапкершілігіне жатады.
Оқу жылындағы KPI көрсеткішінің төмендігі немесе қосымша кәсіби жетістіктерді растайтын материалдардың болмауы жабық дауыс беру нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Қабылданған шешімдер үміткерлердің жеке басына немесе шығармашылық қызметіне қатысты емес.
Алина Көлбайқызы Галеева,
Конкурстық комиссияның төрайымы,
ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор
Басқа жаңалықтар