ҚазҰУ магистранты «Климат • Таулар • Жастар – 2026» өңірлік жастар лагеріне қатысты — ҚазҰУ

ҚазҰУ магистранты «Климат • Таулар • Жастар – 2026» өңірлік жастар лагеріне қатысты

24 тамыз 2026
ҚазҰУ магистранты «Климат • Таулар • Жастар – 2026» өңірлік жастар лагеріне қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Су дипломатиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Арман Аязбек конкурстық іріктеуден өтіп, 2026 жылғы 16–22 тамыз аралығында Қырғыз Республикасында өткен Орталық Азияның «Климат • Таулар • Жастар – 2026» өңірлік жастар лагеріне қатысты.

Іс-шара Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жастар өкілдерінің басын қосып, климаттың өзгеруі, таулы аумақтардың қауіпсіздігі, су ресурстары және биік таулы өңірлердің тұрақты дамуы бағыттарында жастардың білімі мен практикалық дағдыларын арттыруға бағытталды.

Лагерь аясында қатысушылар климаттық тәуекелдер, таулы аумақтардың гидрологиясы, су ресурстары, мұздықтар, криосфера және биоалуантүрлілік мәселелері бойынша теориялық және практикалық сабақтарға қатысты. Мұздықтардың тау өзендерінің ағынын қалыптастырудағы рөліне және климаттың өзгеруінің Орталық Азияның су ресурстарына әсеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар далалық өлшеу жұмыстарын жүргізіп, алынған деректерге талдау жасады.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – аймақтық экологиялық және климаттық мәселелерді шешудегі жастардың рөлін талқылау болды. Қатысушылар ұлттық және халықаралық институттарға арналған ұсыныстар мен ұсынымдарды бірлесіп әзірледі. Атап айтқанда, COP31 конференциясына және «Бішкек+25» жаһандық тау саммитіне дайындық үдерісіне қатысты ұсыныстар қарастырылды.

Лагерь қорытындысы бойынша Орталық Азия жастарының мәлімдемесі қабылданып, онда өңір жастарының климат, таулар, су ресурстары және тұрақты даму мәселелеріне қатысты ортақ ұстанымы көрініс тапты. Құжатта су ресурстары өңірлік тұрақтылық пен ынтымақтастықтың негізі ретінде қарастырылып, трансшекаралық диалог, деректер алмасу және су дипломатиясының Орталық Азия елдерінің климаттық саясатындағы маңызын арттыру қажеттігі атап өтілді.

«Су дипломатиясы» бағыты бойынша білім алып жатқан магистрант үшін аталған өңірлік іс-шараға қатысу кәсіби білімін кеңейтуге, практикалық тәжірибе жинақтауға және су мен климаттық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық жастар диалогына үлес қосуға мүмкіндік берді.

Мұндай бастамаларға жастардың белсенді қатысуы Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ трансшекаралық су және экологиялық мәселелерді шешуге үлес қоса алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Арман Аязбектің лагерьге қатысуы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) тікелей сабақтас, атап айтқанда: ТДМ 4 – «Сапалы білім», ТДМ 6 – «Таза су және санитария», ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», ТДМ 15 – «Құрлық экожүйелерін сақтау» және ТДМ 17 – «Тұрақты даму мақсаттарындағы серіктестік».