Ғылыми-технологиялық әлеуетті арттыруға зор ықпал етті
Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков 1931 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент ауданының Қызылсу ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Шымкент қаласындағы Сыпатаев атындағы мектепті алтын медальмен аяқтап, сол жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға қабылданды.
Өмірбек Арысланұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, жоғары білім беру жүйесі мен инженерлік ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, халықаралық және республикалық инженерлік академиялардың академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, механизмдер мен машиналар теориясы және робототехника саласының әлемге танылған маманы болды.
1970-86 жылдары Өмірбек Арысланұлы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарып, еліміздегі жетекші жоғары оқу орнының дамуына стратегиялық серпін берді. Оның басшылығы кезеңінде университеттің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайып, оқу-ғылыми инфрақұрылым кеңейтілді, жаңа факультеттер мен зертханалар ашылды. Университет қалашығының кешені салынып, «КазГУград» жобасы Қазақстан жоғары мектебінің символына айналды.
Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің басшылығымен университет халықаралық білім беру кеңістігіне интеграцияланып, беделді жоғары оқу орындарының халықаралық қауымдастығына қабылданды. Ол ғылым мен білімді жаңғырту бағытында жүйелі реформалар жүргізіп, болашаққа бағдарланған кадр даярлау ісін жолға қойды.
Өмірбек Арысланұлының көреген бастамалары нәтижесінде қолданбалы математика, механика, бағдарламалау және есептеу техникасы салалары қарқынды дамыды. Электрондық есептеуіш машиналардың жаңа буындары оқу үдерісіне енгізіліп, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск сияқты ғылыми орталықтармен кәсіби байланыстар нығайтылды. Жас ғалымдардың біліктілігін арттыруға ерекше мән берілді.
Осы берік негіздің арқасында бүгінгі таңда университетте ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті мен Компьютерлік ғылымдар кафедрасы табысты жұмыс істеуде. Мұнда бакалавриат, магистратура және PhD деңгейлерінде заманауи білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, жасанды интеллект, машиналық және терең оқыту, нейрондық желілер, тілдік модельдер, киберқауіпсіздік және Smart технологиялар бағыттары қамтылған.
Кафедра жанынан құрылған ғылыми-зерттеу зертханалары инновациялық жобаларды жүзеге асырып, цифрлық трансформация мен интеллектуалды технологиялардың дамуына елеулі үлес қосуда.
Өмірбек Жолдасбековтің тарихи қызметі Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымның институционалдық дамуына берік негіз қалап, елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға зор ықпал етті. Оның еңбегі – ұлттық білім мен ғылым тарихындағы тағылымды мұра.
Тиыштық ХАКИМОВА,
Компьютерлік ғылымдар кафедрасының доценті
Назгүл ЗАКАРИЯНОВА,
аға оқытушы
Басқа жаңалықтар