ҚазҰУ мен Цзянхань университеті бірлескен ғылыми зертхана ашады — ҚазҰУ

ҚазҰУ мен Цзянхань университеті бірлескен ғылыми зертхана ашады

31 тамыз 2026
ҚазҰУ мен Цзянхань университеті бірлескен ғылыми зертхана ашады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың Цзянхань университетімен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуде. Тараптар ынтымақтастық меморандумына қол қойып, бірлескен зертхана ашу мен қосдипломды бағдарлама әзірлеу туралы уағдаласты.  

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары, бірінші проректор м.а. Самғат Ермекбаев Цзянхань университетінің Академиялық комитетінің төрағасы, Қытай инженерлік академиясының академигі Се Сяньци бастаған делегациямен кездесті. Қытай тарапының құрамында Explo-Power Co., Ltd. компаниясының директоры Дэн Сяоин, сондай-ақ химиялық технологиялар, тау-кен өнеркәсібі, энергетика және жарылыс ісі салаларындағы жетекші кәсіпорындардың басшылары болды.

Кездесуде тараптар жану процестері, көміртекті материалдар мен жарылғыш заттардың химиялық технологиясы саласында бірлескен ғылыми зертхана құру және «Жарылғыш заттар мен пиротехникалық құралдардың химиялық технологиясы» бағдарламасы бойынша қосдипломды магистратура даярлау мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен бірге оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, докторанттарға қос тараптан ғылыми жетекшілік ету, халықаралық гранттарға бірлесіп өтінім беру және беделді рейтингтік журналдарда ғылыми мақалалар жариялау арқылы кадрлар мен ғылымды кешенді дамытудың негізгі бағыттарын айқындады.

Профессор Се Сяньци өз кезегінде ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, химиялық технология мен жанып-жарылу процестерін зерттеу бағытында әріптестікті тереңдетуге Қытай тарапының қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.

Бұған қоса, кездесуде ҚазҰУ мен Қытайдың Жарылғыш заттар және технологиялар қоғамы арасында келісімшартқа қол қойылды. Құжаттар жаңа оқу жылына арналған жол картасын жүзеге асыруға негізделген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі