ҚазҰУ мен СБПУ серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (СБПУ) делегациясы арнайы сапармен келді. Сапар аясында екі оқу ордасының өкілдері ғылыми-зерттеу бағыттарын кеңейту, жаңа зертханалар ашу және жасанды интеллект технологияларын материалтану саласына енгізу мәселелерін талқылады.
Делегация өкілдері ҚазҰУ басшылығымен кездесіп, оқу ордасы базасындағы СБПУ филиалы мен Ядролық физика институтының жұмысымен танысты. Сонымен қатар екі университет ғалымдары «Материалдар геномының инженериясы және интеллектуалдық ғылымдар» атты халықаралық симпозиумда бас қосты.

ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов қытайлық әріптестермен кездесуде бұл сапардың екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті: «Бұл сапардың біз үшін стратегиялық мәні зор. Ол ынтымақтастығымыздың жаңа да ауқымды кезеңіне берік іргетас қалайды», – деді проректор.

Кездесуде проректор биомедицинада қолданылатын титан қорытпаларынан бұйымдар жасауға арналған 3D-басып шығару бойынша бірлескен зертхана құруды және оны заманауи құрылғылармен жабдықтауды ұсынды. Сонымен бірге аддитивті өндіріс, биомедициналық материалдар, радиациялық материалтану, жаңа материалдар мен ядролық энергетика салаларында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды іске асыру бастамасы көтерілді.

Өз кезегінде Қытай тарапы материалтану мен интеллектуалды жүйелерді дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға және бірлескен ғылыми топтар құруға жоғары қызығушылық танытты. Осылайша екі ел ғалымдары алдағы уақытта берілген қасиеттері бар жаңа материалдар жасау және материалтану саласына ЖИ технологияларын енгізу бағытында бірігіп жұмыс істемек.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар