БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! — ҚазҰУ

БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1 қыркүйек 2026
БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорлары, студенттер, магистранттар мен докторанттар!

Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күні және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл күн – ізденімпаз жастар мен ұлағатты ұстаздар қауымы үшін ерекше мереке. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз», – деп атап өткен болатын.

Президент межелеген бұл биік мақсаттарды іске асыруда Қазақ ұлттық университеті әрқашан алдыңғы шепте келеді. 1934 жылы негізі қаланған ҚазҰУ – тәуелсіз Қазақстанның басты интеллектуалдық тірегі. Мемлекет басшысы биыл университетімізге арнайы келіп, ғылыми қоғамдастықпен жүздескенде де бұл рөлге жоғары баға беріп, ғылымды өндіріспен ұштастыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Оқу ордамыз QS World University Rankings рейтингінде әлем бойынша 177-орында. Ал QS Asia University Rankings бойынша Азияда 38-орынды иеленіп, Орталық Азиядағы №1 университет мәртебесін сенімді түрде дәлелдеп келеді.

Университетіміздің бұл биік беделі биылғы қабылдау науқанының нәтижелерінен де айқын көрініс тапты. Жаңа оқу жылында білім алушылар қатары 8 мыңнан астам жаңа буынмен толықты. Бакалавриатқа қабылданған 6236 студенттің ішінде 674 «Алтын белгі» иегері мен халықаралық жарыстардың 46 чемпионы бар. Ал ҰБТ-дан 130-дан жоғары балл жинаған грант иегерлерінің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 86,7 пайызға өсті. Сонымен қатар магистратураға – 1167, докторантураға 462 зерттеуші қабылданып, республикалық докторантура гранттарының бесінші бөлігін (21 пайыз) тағы да біздің университет иеленді.

 

Қымбатты бірінші курс студенттері!

Сіздер қадам басып отырған білім ордасының инфрақұрылымы мен ғылыми әлеуеті өте зор. Бүгінде университет құрамында 16 факультет, 78 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты, 24 орталық және 145 заманауи зертхана жұмыс істейді. 400-ге жуық ғылыми жоба іске асырылып, соңғы екі жылда тартылған инвестиция көлемі 110 млн АҚШ долларынан асты.

ZTE, LG Electronics, Ericsson, BASF, Huawei, Samsung және NVIDIA сияқты әлемдік гиганттармен әріптестік орнатылып, халықаралық желіміз 700-ден астам шетелдік ЖОО-ны қамтиды.

Студенттер контингенті 27 мыңнан асады, оның 7 мыңы – әлемнің 53 елінен келген шетелдік жастар.

Университетіміз өз тарихында 210 мыңнан астам маман даярлады. Ендігі кезекте осы саңлақтар салған сара жолды жалғастыру – сіздерге жүктелген үлкен сенім.

Шығыстың ұлы ойшылы, университетімізге есімі берілген әл-Фараби бабамыз: «Жастардың бойында қайсарлық, ізгілік пен білімге деген құштарлық қатар өрілгенде ғана ол қоғамның шынайы тірегіне айналады», – деген екен. Бұл өсиетті бойтұмар етіп, сапалы білім мен биік парасатты серік етеді деп сенім артамын.

Жаңа оқу жылы толағай табыстарға, ғылыми жетістіктер мен шығармашылық жеңістерге толы болсын!

Ізгі тілекпен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик  Жансейіт Түймебаев