ҚазҰУ мен Цзянхань университеті ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде — ҚазҰУ

ҚазҰУ мен Цзянхань университеті ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде

31 тамыз 2026
ҚазҰУ мен Цзянхань университеті ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Цзянхань университеті делегациясымен, сондай-ақ Қытайдың жарылыс жұмыстары саласындағы қауымдастығы, ғылыми ұйымдары мен өнеркәсіптік компаниялары өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Қытай делегациясын Цзянхань университеті Академиялық комитетінің төрағасы, Қытай инженерлік академиясының академигі, профессор Сё Сяньци бастап келді. Делегация құрамына жарылыс технологиялары мен энергетикалық материалдар саласында қызмет ететін ғылыми ұйымдар мен ірі өнеркәсіптік компаниялардың өкілдері кірді. 
ҚазҰУ тарапынан кездесуге Басқарма мүшесі – бірінші проректор Самгат Қуатұлы Ермекбаев, химия және химиялық технология факультетінің деканы М.А. Дюсебаева, химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі Ж.Т. Тауанов, сондай-ақ кафедраның профессорлары мен оқытушылары қатысты.
Кездесу барысында тараптар ғылыми және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Негізгі назар жану химиясы, энергетикалық және жарылғыш материалдар, пиротехникалық технологиялар, көміртекті материалдар және материалтану бағыттарындағы бірлескен зерттеулерге аударылды.
Тараптар оқытушылар, магистранттар мен докторанттардың өзара академиялық ұтқырлығын дамытуға, докторанттарға бірлесіп ғылыми жетекшілік етуге, жоғары рейтингті ғылыми журналдарда бірлескен мақалалар жариялауға және ұлттық әрі халықаралық ғылыми жобаларға өтінімдер дайындауға қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар ҚазҰУ базасында жану процестері, көміртекті материалдар, жарылғыш заттар мен пиротехникалық материалдар бағыттары бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу зертханасын құру мүмкіндігі талқыланды. Болашақта «Жарылғыш заттар мен пиротехникалық құралдардың химиялық технологиясы» бағыты бойынша бірлескен магистрлік білім беру бағдарламасын дамыту мүмкіндігі де қарастырылды.
Сапар аясында химия және химиялық технология факультетінде ҚазҰУ ғалымдары мен Қытай делегациясының қатысуымен бірлескен ғылыми семинар өтті. Семинар барысында химиялық физика және материалтану кафедрасының негізгі ғылыми бағыттары мен жетістіктері, білім беру бағдарламалары және бірлескен зерттеулерді дамыту мүмкіндіктері таныстырылды. 
Кездесу қорытындысында тараптар білім беру, ғылыми зерттеулер, жас ғалымдарды даярлау және өнеркәсіппен өзара іс-қимылды қамтитын ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.
Кафедра меңгерушісі, Тауанов Ж.Т.