ҚазҰУ жас ғалымы жаңа пәтер иесі атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетінің аға оқытушысы, жас ғалым Таңнұр Аманжоловқа жаңа пәтердің тұрғын үй сертификаты табысталды. Баспана куәлігін ҚР ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек тапсырды.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 31 мамырда «Ғылым ордасында» жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Шараның басты мақсаты – жас зерттеушілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, олардың алаңсыз ғылыммен айналысуына жағдай жасау.

Салтанатты жиында Саясат Нұрбек бұл қолдаудың маңызын атап өтті. «Президент жас ғалымдарды қолдауға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Өтеусіз негізде берілетін мұндай пәтер сертификаттары мен «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асатын жеңілдетілген бағдарламалар ғалымдарымыздың баспаналы болуына жол ашады. Бұл олардың ғылыми ізденістерге алаңсыз көңіл бөліп, еліміздің технологиялық дамуына үлес қосуына жасалған нақты жағдай», – деді Саясат Нұрбек.

Таңнұр Ерсінұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Хирш индексі – 5. 12-ден астам ғылыми мақаланың авторы, оның 8-і Scopus және Web of Science халықаралық базаларында жарық көрген. Ұлыбританияның Корольдік химия қоғамы басып шығарған «Thermal Energy Storage: Materials, Devices, Systems and Applications» кітабының 12 тарауын әзірлеуге атсалысқан.

Ғалым қазіргі уақытта бірқатар ірі ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, энергия үнемдеу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және өнеркәсіптік технологияларды цифрландыру бағыттарында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Аталған жобалар Қазақстандағы ғылыми әзірлемелерді дамытуға және олардың өндірістік әрі әлеуметтік салаларда қолданылуына бағытталған.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар