ҚазҰУ – білім мен мүмкіндіктер кеңістігі — ҚазҰУ

ҚазҰУ – білім мен мүмкіндіктер кеңістігі

1 қыркүйек 2026
ҚазҰУ – білім мен мүмкіндіктер кеңістігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде 1-курс студенттеріне арналған бейімдеу жұмыстары аясында университет инфрақұрылымымен таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.

Экскурсияны А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының куратор-эдвайзері, аға оқытушы Б.Каспихан өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – бірінші курс студенттерін университеттің оқу және мәдени инфрақұрылымымен таныстыру, олардың жаңа академиялық ортаға бейімделуіне қолдау көрсету және студенттік өмірді тиімді ұйымдастыруға қажетті маңызды нысандар туралы ақпарат беру.

Студенттер экскурсия барысында Әл-Фараби кітапханасына барып, кітапхананың оқу үдерісіндегі маңызы, кітап қорлары мен білім алушыларға ұсынылатын ақпараттық-библиографиялық қызмет түрлері туралы мәлімет алды. Сонымен қатар студенттерге кітапхананы тиімді пайдалану, қажетті әдебиеттерді іздеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Экскурсия барысында 1-курс студенттері ҚазҰУ кампусымен танысып, университет аумағындағы негізгі оқу және әлеуметтік нысандарды аралады. Куратор-эдвайзер студенттерге кампустағы маңызды орындар, олардың қызметі және студенттерге көрсетілетін мүмкіндіктер туралы түсіндіріп, университет өміріне қатысты сұрақтарына жауап берді.

Таныстыру экскурсиясы студенттердің университеттік орта туралы түсінігін кеңейтіп, олардың жаңа оқу орнына тез бейімделуіне ықпал етті. Іс-шара барысында студенттер өзара пікір алмасып, университеттің мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты.