СБПУ, ҚАЗҰУ ФИЗИКА-ТЕХНИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ РАДИАЦИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ — ҚазҰУ

СБПУ, ҚАЗҰУ ФИЗИКА-ТЕХНИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ РАДИАЦИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

1 қыркүйек 2026
СБПУ, ҚАЗҰУ ФИЗИКА-ТЕХНИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ РАДИАЦИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ, ҚХР) делегациясының жалғасып жатқан сапары аясында СБПУ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультеті және Ядролық физика институтының өкілдері радиациялық материалтану мен ядролық энергетика салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамытуға арналған жұмыс кездесуін өткізді.

Ядролық физика институты тарапынан кездесуді бас директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Асхат Бекбаев, ҚазҰУ Физика-техникалық факультетінің түлегі өткізді. Физика-техникалық факультеті атынан талқылауға деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Светлана Пешая, Қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының меңгерушісі Ержан Мұхаметкәрімов, сондай-ақ Электроника және астрофизика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Ерулан Сағидолда қатысты.

Ядролық физика институтына сапар ҚазҰУ-да өткен «Материалдар геномының инженериясы және интеллектуалды ғылымдар» халықаралық симпозиумы аясында басталған ғылыми диалогтың жалғасы болды. Симпозиум барысында аддитивті технологиялар мен жаңа материалдардан бастап электроника мен жасанды интеллектке дейінгі кең ауқымды зерттеу бағыттары талқыланса, ЯФИ-дегі жұмыс кездесуі эксперименттік ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктеріне арналды.

Сапар барысында делегация Ядролық физика институтының ғылыми-техникалық инфрақұрылымымен танысты. Қытайлық әріптестер ВВР-К зерттеу реакторын аралап, институттың үдеткіш базасымен, жүргізіліп жатқан зерттеулердің негізгі бағыттарымен және ЯФИ-дің жоғары технологиялық өнімдерімен танысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы радиациялық материалтану болды. Үш ұйымның өкілдері материалдарды нейтрондық және иондық сәулелену әсерінде бірлесіп зерттеу, олардың құрылымы мен қасиеттеріндегі өзгерістерді талдау, сондай-ақ ЯФИ-дің реакторлық және үдеткіш инфрақұрылымын халықаралық ғылыми жобаларда пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Ядролық энергетикаға арналған материалдарды зерттеу перспективаларына да жеке назар аударылды. ЯФИ-дің тиісті эксперименттік базасы материалдардың радиациялық төзімділігін зерттеуге, оларды модификациялауға және әртүрлі әсерлерден кейінгі күйін диагностикалауға мүмкіндік береді. СБПУ өкілдері серіктестердің зерттеу құзыреттерін біріктіруге және бірлескен жобаларды әзірлеу барысында қолда бар инфрақұрылымды пайдалануға қызығушылық танытты.

ҚазҰУ Физика-техникалық факультеті мен Ядролық физика институты арасындағы ынтымақтастықтың нақты ғылыми-білім беру негізі қалыптасқан. Факультет студенттері, магистранттары мен докторанттары институт базасында материалтану, ядролық физика және радиациялық технологиялар салаларында зерттеулер жүргізеді. ЯФИ-дегі ғылыми бағыттардың бірін басқаратын мамандардың бірі ҚазҰУ Физика-техникалық факультетінің түлегі болуы да факультет пен институт арасындағы көпжылдық кадрлық және ғылыми сабақтастықты көрсетеді.

Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен білім беру саласындағы өзара іс-қимыл бұл зерттеулерді жас ғалымдарды халықаралық деңгейде даярлаумен ұштастыруға қосымша мүмкіндік береді. Физика-техникалық факультеті СБПУ-мен магистратура және PhD деңгейлерінде қос дипломдық бағдарламаларды дамытып келеді. Бұл бірлескен зерттеулерді кең ауқымды ғылыми-білім беру кооперациясының бір бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Мұндай формат іс жүзінде де жүзеге асырылуда. Бұған дейін Ядролық физика институтында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген «Материалтану және инженерия» білім беру бағдарламасының бір студенті қазіргі уақытта Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде білім алуда. Бұл мысал серіктес университеттегі академиялық даярлықты ЯФИ базасындағы эксперименттік жұмыспен ұштастыру мүмкіндігін көрсетеді.

Жұмыс талқылауы барысында қатысушылар бірлескен зерттеулердің ықтимал тақырыптарын, халықаралық жобаларды әзірлеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ магистранттарды, докторанттарды және жас зерттеушілерді ортақ ғылыми жұмыстарға тарту жолдарын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша СБПУ, ҚазҰУ Физика-техникалық факультеті және Ядролық физика институтының өкілдері алдағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындады: радиациялық материалтану, жаңа материалдарды зерттеу және модификациялау, ядролық энергетикаға арналған материалдар, реакторлық және үдеткіш инфрақұрылымды пайдалану, жас зерттеушілерді даярлау және бірлескен халықаралық ғылыми жобаларға қатысу.