Цифрлық дәуірдің қарқынды дамуы
XXI ғасыр – цифрлық технологиялар ғасыры. Бүгінде әлем елдері экономиканың, өндірістің, ғылым мен білімнің жаңа кезеңіне қадам басып, жасанды интеллект пен ақпараттық технологияларды дамытуды ұлттық басымдықтардың біріне айналдырды. Цифрлық шешімдер адам өмірінің барлық саласына терең араласуда, қоғамның даму қарқынын жаңа деңгейге көтеруде. Осындай өзгерістер білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Ең алдымен еңбек нарығына заманауи технологияларды меңгерген, жаңаша ойлайтын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар қажет.
Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері ерекше назарға алынып келеді. Ел экономикасын әртараптандыру, инновациялық экожүйені қалыптастыру және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстар білім беру саласына тың серпін берді. Осыған сәйкес, жоғары оқу орындары да заман талабына сай мамандар даярлау ісін күшейтіп, білім беру бағдарламаларын жаңғыртуда.
Соңғы жылдары талапкерлердің ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы мамандықтарға қызығушылығы айтарлықтай артқаны байқалады. Бұрын бұл салалар тек белгілі бір топтың таңдауы ретінде қарастырылса, бүгінде олар ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарына енді. Себебі цифрлық экономика дәуірінде деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары, жасанды интеллект инженерлері мен робототехника саласының кәсіби кадрларына қажеттілік күн санап өсіп келеді. Сондай-ақ елімізде цифрландыру процесі жоспарлы түрде дамуда. Іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ішінде «Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект» бағыты айрықша орын алды.
«ХХI ғасыр – цифрлық экономика ғасыры» деп айтуға толық негіз бар. Себебі мемлекеттердің дамуы олардың жаңа технологияларды меңгеру деңгейімен тікелей байланысты. Осы талаптарға сай, 2018 жылдың 15 қаңтарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылып, Қазақстанды цифрландыру міндет-мақсатына өз үлесін қосып келеді. Факультеттің басты мақсаты – Қазақстандағы және әлемдік еңбек нарығындағы сұранысқа сай бәсекеге қабілетті, кәсіби IT мамандарды даярлау. Қазіргі жаһандану кезеңінде ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп, стратегиялық маңызы бар салалардың бірі ретінде жасанды интеллектіні қолдану мемлекеттік басқару, өндіріс, қауіпсіздік және ғылымда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Бұл маңызды құжат елдің дамуындағы цифрлық трансформацияның стратегиялық бағыттарын айқындап, жасанды интеллектіні дамытудың нақты басымдықтарын көрсетті. Жолдауда кадр даярлау, ұлттық технологиялық инфрақұрылымды жетілдіру, ғылым мен инновацияны дамыту, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және ЖИ негізіндегі жаңа салаларды қалыптастыру мәселелері ерекше атап өтілді. Осыған орай, еліміздегі жетекші университеттер жаңа бағыттағы факультеттер ашып, білім беру жүйесін заманауи талаптарға бейімдей бастады. Соның бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультеті 2025 жылдың қыркүйек айында ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті болып атауын өзгертті. Қазіргі таңда факультетте бакалавриат, магистратура, докторантура бағыттары бойынша мамандар даярланады.
Факультет құрамында төрт негізгі кафедра жұмыс істейді. Компьютерлік ғылымдар кафедрасы, Ақпараттық жүйелер кафедрасы, Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы. Жаңа оқу жылы қарсаңында факультет талапкерлер арасында ерекше сұранысқа ие білім ордаларының біріне айналды. Биыл факультетке мемлекеттік білім гранты негізінде 275 студент қабылданды. Бұл көрсеткіш факультеттің білім беру сапасына деген сенімнің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Цифрлық дәуірдің қарқынды дамуы ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік салаларындағы мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті бүгінде еңбек нарығының талаптарына сай мамандар даярлауға басымдық береді. Білім алушылар заманауи зертханаларда тәжірибе жинақтап, халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар оқу үдерісінде жасанды интеллект технологиялары, деректерді талдау, бағдарламалау, робототехника және ақпараттық қауіпсіздік бағыттары кеңінен қамтылған. Грант иегерлері санының артуы – факультеттің ғылыми әлеуеті мен оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби біліктілігінің нәтижесі. Бұл көрсеткіш жастардың технологиялық мамандықтарға деген қызығушылықтың жылдан-жылға өсіп келе жатқанына дәлел.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті – болашақтың мамандарын даярлайтын, инновация мен білімді ұштастырған заманауи білім беру орталығы. Бүгінгі таңда осы факультетті таңдаған талапкерлер ертеңгі цифрлық қоғамның көшбасшыларына айналуға қадам жасауда. Жаңа оқу жылында факультет қатарына қосылған барлық грант иегерлерін құттықтай отырып, оларға білім мен ғылым жолында толағай табыс тілейміз. Болашақтың технологиялық жетістіктері дәл осы жас мамандардың қолымен жүзеге асатынына сенім мол.
Гүлнұр ҒАЗИЗҚЫЗЫ,
PhD, ақпараттық
технологиялар және жасанды интеллект факультетінің әлеуметтік-тәрбие жөніндегі декан орынбасары
Басқа жаңалықтар