- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ докторанты A*STAR Research Attachment Programme халықаралық грантының иегері атанды
ҚазҰУ докторанты A*STAR Research Attachment Programme халықаралық грантының иегері атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультеті әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі – факультет докторантының Сингапурдың беделді A*STAR Research Attachment Programme (ARAP) халықаралық бағдарламасының грантын иеленуі.
8D07112 «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Әнуарбекова Шырай Дидарқызы A*STAR Research Attachment Programme (ARAP) грантының иегері атанып, Сингапурда 12 айлық ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өту мүмкіндігіне ие болды.
A*STAR — Agency for Science, Technology and Research — Сингапурдың жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу агенттігі. Оның құрамына физикалық және инженерлік ғылымдар, ақпараттық және есептеу технологиялары, биомедицина және басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша қызмет атқаратын ғылыми-зерттеу институттары кіреді. Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі — озық ғылыми зерттеулерді, технологиялық инновацияларды және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
ARAP бағдарламасы ASTAR мен шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы тұрақты ғылыми-зерттеу байланыстарын дамытуға бағытталған. Бағдарлама PhD докторанттарына өз университетіндегі білім алушы мәртебесін сақтай отырып, ғылыми жұмысының елеулі бөлігін ASTAR ғылыми-зерттеу институттарында жүргізуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі — бірлескен ғылыми жетекшілік (Joint Supervision) форматы. Яғни докторанттың зерттеу жұмысына бір мезгілде өз университетінің ғалымы және A*STAR ғылыми-зерттеу институтының маманы жетекшілік етеді.
Шырай Әнуарбекованың ҚазҰУ тарапынан ғылыми жетекшісі — профессор Алмасбек Өтегенов, ал Сингапур тарапынан ғылыми жетекшілік ететін зерттеуші — Lim San Hua. Грант аясында докторант A*STAR ғылыми-зерттеу инфрақұрылымында бір жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
ARAP бағдарламасына қатысу жас зерттеушіге халықаралық ғылыми ортада жұмыс істеуге, заманауи зерттеу инфрақұрылымы мен Сингапур ғалымдарының ғылыми сараптамасына қол жеткізуге, жаңа эксперименттік және аналитикалық әдістерді меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тәжірибе кәсіби байланыстарды кеңейтіп, болашақтағы бірлескен зерттеулерге, ғылыми жарияланымдарға және жаңа халықаралық жобаларға негіз қалыптастырады.
Аталған жетістік тек бір докторанттың жеке академиялық траекториясы тұрғысынан ғана емес, университеттің халықаралық ғылыми байланыстарын дамыту тұрғысынан да ерекше мәнге ие. ҚазҰУ өкілдерінің осындай деңгейдегі бағдарламаларға қатысуы университеттің халықаралық әріптестік географиясын кеңейтуге, Қазақстан мен Сингапурдың ғылыми топтары арасында тікелей байланыстар орнатуға және докторанттарды жаһандық ғылыми-зерттеу кеңістігіне интеграциялауға ықпал етеді.
Әсіресе бірлескен ғылыми жетекшілік форматының маңызы жоғары. Бұл механизм нақты ғылыми жоба аясында екі ұйымның зерттеушілері арасында тұрақты кәсіби байланысты қалыптастырады. Өз кезегінде мұндай әріптестік болашақта бірлескен ғылыми мақалалар дайындауға, жас зерттеушілер алмасуын ұйымдастыруға, жаңа ғылыми бастамаларды әзірлеуге және ғылыми ұжымдар арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Физика-техникалық факультет үшін ARAP грантының иеленуі наноматериалдар және нанотехнологиялар саласындағы жас ғалымдарды даярлау деңгейінің жоғары екенін және факультет докторанттарының халықаралық ғылыми ортада бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Жас зерттеушілердің әлемнің жетекші зертханаларында жұмыс істеуі докторлық даярлық сапасын арттырудың, заманауи ғылыми құзыреттерді трансферттеудің және университеттің ғылыми мектептерін одан әрі дамытудың тиімді құралдарының бірі болып табылады.
ARAP бағдарламасы зерттеушінің Сингапурда болуы және ғылыми жұмыс жүргізуі кезеңінде кешенді қаржылық қолдауды, оның ішінде стипендиялық төлемдерді және зерттеу қызметіне байланысты бірқатар шығындарды өтеуді қарастырады.
Әнуарбекова Шырай Дидарқызын және оның ғылыми жетекшісін осы маңызды халықаралық жетістігімен құттықтаймыз!
Ғылыми бағдарламаның табысты жүзеге асуын, жаңа ғылыми нәтижелер мен жоғары деңгейдегі жарияланымдарды, кәсіби дамуды және тың ғылыми бастамаларды тілейміз. A*STAR Research Attachment Programme бағдарламасына қатысу жас зерттеушінің ғылыми мансабындағы маңызды кезең ғана емес, сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Сингапурдың ғылыми-зерттеу қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретін маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз.
Басқа жаңалықтар